Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖҰМЫСШЫЛАР ЖЫЛЫНЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған еді. «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», - деді Президент. Елімізде кадрлар тапшылығын болдырмау үшін, жалпы, қоғамдағы еңбек адамының мәртебесін арттыру үшін биылғы жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды Осы ретте Президент Жолдауынан кейін үкімет нақты жоспарға көшіп, Жұмысшы мамандықтар жылының жоспарын дайындауда. Технология дамыған қоғамда жастардың басым көпшілігі кеңседегі жұмысты таңдайды. Бұл өз кезегінде кадр тапшылығын туындатуға әкеп соқтырмақ. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда қазірдің өзінде энергетика, құрылыс, машина жасау салаларында маман жетіспей жатыр. Ал 2030 жылға қарай елдегі жұмысшы кадрлардың қажеттілігі 1,6 млн адамнан асуы мүмкін.Ұлттық статистика бюросының дерегінше былтыр елімізде еңбекке қабылетті адам саны шамамен 9,6 млн адамды құраған. Соның ішінде 2 миллион 300 мың адам бүгінде жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді екен. Ал жуырда өткен Үкімет отыры­сында барлық жұмыс істейтін қазақстандықтардың жартысы­нан астамында, яғни 52%-да кәсіптік немесе техникалық білімі бары айтылды.

Үкіметтің 2025 жылы жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарының өзі 7 бағыт пен 70 қадамнан тұрады. Ең алдымен елімізде еңбек адамдары үшін арнайы награ­далар пайда болмақ. Атап айтқанда, «Еңбек сіңірген құрылысшы», «Еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері», «Еңбек сіңірген геолог», «Еңбек сіңірген кенші» сияқты наградалармен марапатталады. Одан кейін, жұмыстағы жазатайым оқиғалардың басым бөлігі – кәсіпорындар мен өндіріс орындарында орын алатыны жасы­рын емес. Сондықтан биылғы жұмысшы мамандықтар жылында еңбек адамының құқын қорғауға, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдаяттардың алдын алуға басымдық берілмек. Ал еңбек қауіпсіздігін бұзғандар үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілмек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова: «Елдегі кәсіпорындардың цифрлық кар­тасы жасалады. Электронды құжатта кәсіпорындағы тәуекелдер, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы сияқты басқа да 60-тан аса маңызды көрсеткіш қамтылады»,-деді 24.kz сайтына берген сұхбатында.

БЕСАСПАП БАУЫРЖАН

Оның өзі де, болмысы да қарапайым. Осы қарапайым қалпымен «Қазсушар» мекемесінде 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Бауыржан Бекқалиевтің еңбегін ауыл жұрты жақсы біледі. Қыстың қарлы боранында, жаздың аптап ыстығында «кран» деп аталатын ауыр техниканы басқарып, жағалаудағы адам қолы жетпейтін жұмыстарды техниканың күшімен игеріп жүрген ағамыз алпыстың асқарына шықса да шаруасына мығым.

Сонау 1979 жылы О.Шонаев атындағы орта мектепті бітіріп, Аты­рау қаласындағы №37 кәсіптік білім беретін училищеге түскен ағамыз сол жерден автокран мамандығын меңгеріп шығады. Кейін дипломын алған соң қаладағы автопарктердің біріне лезде жұмысқа орналасады.

Біз өсіп-жетілген Кеңестер Одағының кезеңінде жұмысшы мамандықтар жақсы дәріптелді. Қазір ілуде бір жүрген моторист, крановщик, трактористер әр үйде болатын. Жоғары оқу орындарына тапсыру қиын болды, сондықтан жаппай кәсіптік білім беретін тех­никум, училищелерге тапсырдық. Есесіне, дипломды алған соң бір күнде бос жүрмей үкімет жұмысқа орналастырады. Сол кездегі еңбек еткен жылдарымды қосып санағанда осы салада жүргеніме биыл қырық екі жыл болған екен,-дейді Бауыржан Жақсылықұлы.

Кран - жай ғана көлік, тіпті жүк көлігі де емес. Кран жүргізе білу үшін асқан ептілік, дәлдік керек. Бұл ауыр техника өзінен ондаған тонна ауыр құрал-жабдықтарды көтеріп, бір орнынан екінші орынға көшіреді. Оның көмегінсіз көп қабатты үйлердің, зауыттардың құрылысы жүрмейді. «Қазсушар» сынды үлкен мекемелердің де жұмысы тұралап қалар еді. Бір ғана мысал, ауа райына байланысты жылдың төрт мезгілінде де ауылымыздағы каналдардың арна­сын тазарту, құбырларды ауыстыру жүргізіліп жатады. Ұзындығы 15 мет­рден асатын темір құбырларды адам күшімен ауыстырып қою мүмкін емес. Осындай күрделі тапсырма­ларды қауіпсіздік шараларын ескере отырып, асқан дәлдікпен орындап келе жатқан Бауыржан Бекқалиев туралы әріптестері де мақтанышпен айтып жүреді.

Бауыржан аға өзі механик, өзі жүргізуші, өзі моторист, өзі дәнекерлеуші, бір сөзбен айтқанда, бесаспап адам. Ерте жастан еңбекке араласа жүріп бірнеше мамандықты қатар меңгерген ол – «Ер азамат үйдің де, түздің де шаруасына епті болу керек. Үйренемін деген адамға, жұмыстың қиыны жоқ» дейді.

Бауыржан Жақсылықұлы тәжіри- белі маман ғана емес, отбасында ардақты жар, аяулы әке, жиендерінің сүйікті атасы. Үш қызын ұясына қондырып, бүгінде жары Раушан екеуі солардан тараған ұрпақты қызықтап отыр. Қырық жыл түзде кейде айлап, апталап жұмыс бабы­мен үй көрмей жүрсе де, ағамыз бос уақытында отбасына, үй-жайына қарасып, күйбең тіршілікпен жүреді. Олардың осындай сындарлы еңбек жолы, ел дамуына қосып жатқан үлесі елеусіз қалмаса дейміз. Қырық жыл жұмысшы салада маңдай терін төккен Бауыржан Бекқалиев 2022 жылы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, бірнеше алғыс хаттармен марапатталған.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT