Қазіргі таңда қоғамда еңбек ұғымына деген көзқарас өзгеріп келеді. Оған себеп жұмысшы мамандығына деген сұраныстың көптігі. Ақпараттық-технологиялар заманында сөздің емес, іске айқын басымдылық берілуде. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та жұмысшы мамандықтарының сұранысқа ие екендігін айтып, биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы тегіннен тегін емес. Бұл ретте құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп сияқты кез келген салада аянбай еңбек етіп жүрген жұмысшыларға көңіл бөлініп, мәртебесі артпақ.
Сұранысқа сай жастарды жұмысшы мамандықтарына тарту маңызды болып отыр. Жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту үшін алдымен аталмыш мамандық иелерінің мәртебесін арттыру керекпіз. Бұл ретте қоғам арасында қара жұмыстың бел ортасында жүріп, ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып жатқан ерен мамандық иелерінің жұмысын насихаттауға ұйытқы болуымыз қажет.
Сондай-ақ жұмысшы мамандықтарына деген сұранысты ескеріп, мамандық таңдағалы отырған жас буынға техникалық білім алуға жағдай жасау керек. Бұл ретте оларға кәсіби бағдар беріп, заман талабына сай мамандықты таңдауға жөн сілтеу қажет.
Мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп, жоғары оқу орындарында техникалық мамандықтарға грант бөлініп, тегін білім алуға ықпал ету маңызды екендігін ескерген жөн. Себебі, еліміздің болашағы – бүгінгі жас ұрпақтың қолында.
Осылайша біз жастар арасында жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықты арттырып, кадр дайындау ісінде табысқа жете аламыз деп ойлаймын.
Ал, өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырары сөзсіз. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Сондықтан, кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған азамат қашанда лайықты бағасын алып, қоғамнан ойып тұрып орын алары анық.
Сәбит Хәленов,
ардагерлер кеңесінің төрағасы