Қашанда, ашықтық пен әділдікті басты ұстаным еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын заңды әзірлеу және қабылдауды тапсырған еді. Осыдан екі жыл бұрын «Қоғамдық бақылау туралы» жаңа заң нормасы күшіне енді. Содан бері қоғам белсенділері еліміздегі түрлі жобалардың заң аясында жүзеге асуына бақылау орнатуды қолға алды.
Ал ауданда қоғамдық бақылау орнатуға негіз болған өткен жылдың ең даулы оқиғасына айналған Тайсойған жобасы екендігі белгілі. Халық қарсылығына қарамастан жобаны ұсынушы «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы Тайсойған жерінен мұнай барлау жұмысына рұқсатын алып, былтыр желтоқсан айының аяғынан бастап іске кірісіп кетті. Комиссияда кімдер бар? Әрине, бұл жер қойнауын игеруге қатысты аса маңызды жоба болғандықтан қоғамдық бақылау орнату қажет-ақ. Себебі, барлау жұмыстарын жүргізетін жерлер тұщы су қорына жақын орналасқан шөбі шүйгін, малға жайлы аумақ. Ауаның ластанып, далалық жолдардың бүлінбеуі де аса маңызды мәселе. Соған сай, таяуда барлаушы компанияның жұмысын қадағалау әрі экологиялық талаптардың сақталуын бақылау мақсатында аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқалидың өкімімен арнайы комиссия құрылды.
Комиссияның төрағасы болып «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Альберт Аққайнанов бекітілсе, комиссия құрамына облыстық мәслихат депутаты Қайырбек Баймұратов, аудандық мәслихат депутаты, қоғамдық кеңес мүшесі Есенбай Нұров, аудандық мәслихат депутаты Венера Мырзағали, жеке кәсіпкер Октябрь Нұрадинов, Тайсойған ауылдық округінің әкімі Төреш Қозбақов, «Қызылқоға» газетінің тілшісі Дулат Ғұбайдуллин, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы геология және барлау департаментінің директоры Ернұр Тасеменов, аталмыш компанияның еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Ануарбек Каримовтар енді.
«Жол қайда, бас директор?»
Таяуда аталмыш комиссия мүшелері аудан орталығына жиналып, алғашқы отырысын өткізді. Оған комиссия мүшелерінен бөлек аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының жауапты мамандары қатысты. Жиын барысында «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы геология және барлау департаментінің директоры Ернұр Тасеменов:
«Барлау жұмыстарын «МұнайСервис ЛТД» компаниясы жүргізеді. Қазіргі таңда қазылуға тиіс сегіз ұңғыманың үшеуінде көшу, монтаждау, бұрғылау жұмыстары жүруде. Ол жерлерге техникалар арнайы бекітілген жолмен ғана барады» деп, комиссия мүшелерін далалық жолдардың сызбасымен таныстырды.
Жолдардың сызбасымен танысқан біз:
– Былтырғы желтоқсан айында мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин осы Тайсойған жобасы бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырғаны белгілі. Оған барлық тараптың өкілдері қатысты. Аталмыш жиында ғалым Жәнібек Аралбаев: «Бұрғылау жұмыстары кезінде ауыр техникалар үшін қиыршық тас (щебень) төселген жолдар салына ма?» деген сұрағын қойды. Сол кезде «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Ринат Ізмұханбет «Ол тәжірибеде бар технология. Ауыр техникалар үшін асфальт емес ПГС және қиыршық тас (щебень) төселген жол салынады» деген болатын.
Оған мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин: «Жолдар қашан дайын болады?» деп тағы пысықтап сұрады. Сол кезде бас директор: «Жолдар 10-15 күнде дайын болады» деп жауап берді. Сол жолдар салынды ма? - деген сауал қойдық.
(Бас директордың бұл сөзі «Ютуб» желісіндегі «Esenbai Nurov» каналында 14.12.2024 жылғы «Тайсойғаннан мұнай барлау, өндіру туралы Парламент мәжілісі депутаттарының онлаин жиыны» деген тақырыппен жүктелген бейнебаянның 1 сағат 18 минутында айтылады)
Бұл сауалға аталмыш акционерлік қоғам өкілі Ернұр Тасеменов: «Ол жиында бас директор қателесіп кеткен болуы мүмкін. Барлау жұмыстары кезінде қиыршық таспен жол салынбайды. Тек далалық жолдар арнайы техникамен қырылып, тегістеледі» деп жауап берді. Бұл жауапқа біз айран-асыр қалдық. Сонда облыстағы ең іргелі акционерлік қоғамының басшысы мәжіліс депутаты мен халықты алдағаны ма?!
Бұдан соң комиссия мүшесі Есенбай Нұров:
«Бұрғылау жұмыстары кезінде «Мұнай және газ өнеркәсібі салаларындағы қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы №355 бұйрығы сақталып жатыр ма?» деді.
Оған жауап берген «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының өкілі ол бұйрықтың бұрғылау кезеңіне қатысы жоқтығын алға тартты. Сол сияқты аталмыш басқосуда комиссия мүшелері:
«Бұрғылау жұмыстары басталып жатқаны белгілі. Осы орайда «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы мен бұрғылаушы мердігер мекеме арасында қандай міндеттемелер мен шарттар жасалды?» деген сауал жолдады.
Алайда, акционерлік қоғам өкілдері оның ішкі құпия екендігін алға тартып, міндеттемелер мен шарттарды айтудан қашқақтады.
Сонда халықтың алдындағы ашықтық қайда?
Бұқпантайлап, қашқақтайтындай міндеттемелер мен шарттарда не көрсетілген? Қандай жұмыстар болмасын жергілікті тұрғындар алдында жасалуы тиіс емес пе?! Осылайша, қоғамдық бақылаушылардың көкейдегі көп сұрағы мен негізгі сауалы ақыры жауапсыз қалды. Кен алаңындағы кеңес Басқосудың ертеңіне комиссия мүшелері болып бұрғылау жұмыстары басталып жатқан «СТ-1», «ОТ-3», «ОТ-2» кен орындарындағы жұмыспен танысу мақсатында жолға шықтық. Жолай Дәукен ата қорымына аялдап, құран бағыштап, бет сипадық. Одан әрі Миялы ауылынан 25 шақырымдай жол жүріп, «СТ-1» кен орнына маңдай тіредік. Осыдан бір-екі ай бұрын ғана бұйығы жатқан сары далаға құдды жаңа ауыл көшіп келгендей. Алып техникалар, толған контейнер вагондар мен қадау-қадау ұзын темірлер жуық арада бұл маңда маңызды жұмыстар жасалатындығын айшықтап тұрғандай. Бізді бұрғылаушы «МұнайСервис ЛТД» компаниясының өкілі, жоба жетекшісі Серікжан Дәрібаев қарсы алды. Аталмыш кен орны 200х200 метр алаңқайда орналасқан. Кен орнының жан-жағы бөгетпен қоршалып, тек көлік кіретін ғана жер ашық тұр. Барған сәтте комиссия мүшелеріне қорғаныш киімдері үлестіріліп, техникалық қауіпсіздік журналына қол қойдық. Бұдан әрі кен орнындағы жұмыс барысымен таныстық. Бұл сәтте бұрғылау жұмыстары әлі басталмаған. Кен орнында бұрғылау қондырғысын орнату, монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатты. Жоба жетекшісінің айтуынша, монтаж жұмыстары аяқталған соң қондырғының орналасуын арнайы комиссия тексеріп, бәрі талапқа сай болса бұрғылау жұмысына рұқсат береді. Аталмыш «СТ-1» кен орны 3800 метрге дейін қазылады. Яғни, бұрғыланатын сегіз ұңғыманың ішіндегі ең тереңі осы кен орны болмақ. Аталмыш кен орнында қазіргі таңда 29 адам жұмыс жасауда. Жұмысшылардың жатын орны, асханасы, жуыну бөлмесі бәрі де көшпелі контейнер ішінде орналасыпты. Бұдан бөлек, әкімшілік басқару штабы, медициналық қызмет көрсетушілерге арналған контейнерлер бар. Бәрінің іші жылы, таза. Кен орнының аумағында әжетхана, күл-қоқыс төгетін арнайы орын, кәріз құдығы бар. Барлығы да белгіленген аумақ ішінде орналасқан.
Сапар барысында жоғарыда айтқан «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының өкілі Ернұр Тасеменов әрбір ұңғыманың төрт жағында тереңдігі 10 метр болатын төрт мониторингтік су ұңғымасы қазылғандығын комиссия мүшелеріне көрсетті. Бұрғылау жұмысы басталған сәтте аталмыш төрт ұңғымадан су сынамасы алынып, оны мердігер компания келісімшартқа отырған арнайы зертханаға жібереді екен. Өз кезегінде комиссия мүшелері:
«Қазіргі таңда, халық тұщы су мәселесіне қатты алаңдап отыр. Сондықтан алынған су сынамасын тағы бір тәуелсіз зертханаға жіберіп, тексерткен абзал. Содан кейін екі зертханадан шыққан қорытындыны алып, егер екеуі де шыққан судың ішуге жарамсыз екендігін көрсетсе, халықтың да күмәні сейіледі» деген ұсынысын білдірді.
Мердігер компания өкілі Серікжан Дәрібаев тек бір зертханамен келісімшартқа отырғандығын тілге тиек еткенімен, тапсырыс беруші «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының өкілі Ернұр Тасеменов комиссия ұсынысын қолдайтындығын жеткізді.
Қырылған жол, батқан «КамАЗ»...
Бұдан кейін комиссия мүшелері мінген жол талғамайтын көліктер зулап отырып, «ОТ-3» кен алаңына келді. Бұл жерде әлі көшу, орналасу жұмыстары жүріп жатыр. Кен алаңына қажетті жүктер, жатын орын контейнерлері мен қажетті құрал-жабдықтар 60 шақырым жердегі «Уаз» кен алаңынан тасымалданып жатыр. Біз барған сәтте жұмысшылар жүктерді түсіріп, орналастырып жатса, ДТ тракторы кен алаңын қоршай бөгет салу жұмыстарын жүргізуде. Бұл кен орнында бұрғылау жұмыстары әлі басталмағандықтан комиссия мүшелері көп аялдамады. Қайтадан жолға шығып 10-15 шақырымдай жүргенімізде алдымызда мердігер компанияға тиесілі «КамАЗ» жүк көлігі жолдан шығып, қалың қарға батып жатыр. Жүк көлігі қырылған жолдан 2-3 метрдей қиыс кетіп, ескі жолдан шыға алмай қалғаны көрініп тұр. Мердігер компания өкілінен «Бұл жүк көлігі неге бекітілген жолдан ауытқып кетті?» деп сұрағанымызда «Қырылған жолға қарсы көлік келіп қалып, соған жол берген кезде батып қалуы мүмкін» деп жауап берді. Сонда компания арнайы жолды бекіткенде екі көліктің қарсы келіп қалуы мүмкіндігін ескермеген бе?!
Дәл осындай сылтаумен ауыр жүк көліктері өздері қалаған жолмен жүре берсе, топырақ қабатына кері әсер етпей ме? Бір қызығы бекітілген жолдар тек трактормен қырылғаны болмаса, басқа ешқандай жол белгілері орнатылмаған. Айтпақшы, қазір қыста жер қатқыл болғанымен көктем мен жазда жұмсарып, босайды. Сол кезде жолдарда қиыршық тас (щебень) төселмегендіктен далалық жолдың өзі езіліп кететіні анық. Бұл өз кезегінде жердің беткі қабатын зақымдап, бірнеше шақырым жерімізді бүлдіруі ықтимал. Бұл мәселе алдағы уақытта да комиссия мүшелерінің басты назарында бола береді. Бұрғы тескен қара жер «Тайсойған-1», «Тайсойған-2» участоктеріндегі сегіз ұңғыманың бесеуі Миялы ауылдық округіне қарасты болса, үшеуі Мұқыр ауылдық округінің аумағында орналасқан. Комиссия мүшелері «ОТ-3» кен орнынан шыққан соң Темір алқабы арқылы далалық жолмен Жамансор елді мекеніне жетті. Одан әрі «Атырау-Ақтөбе» тасжолымен Жантерек елді мекеніне жетіп, сол жерден арнайы бекітілген жолмен «ОТ-2» кен орнына табан тіредік. Аталмыш кен орнында бұрғылау жұмыстары басталып кеткен. Бүгінде бұрғылануға тиіс 650 метр жердің 538 метрі қазылыпты. Жоба жетекшісі Серікжан Дәрібаевтың түсіндіруінше, жоспарланған қашықтық бір аптаның ішінде түгел қазылып, одан мұнай өнімдері шыққан кезде арнайы зертханаға жіберіледі. Содан соң аталмыш кен орны жұмысын тоқтатып, бұрғылау қондырғысы «ОТ-5» кен орнына көшіріледі. Осылай жыл аяғына дейін сегіз ұңғыма түгелдей қазылып бітеді. Бұл кен алаңында қызу жұмыс жүріп жатқандықтан комиссия мүшелері жұмысшыларды мазалап, артық сауалдар қоюды жөн көрмеді.
Міндеттемелер орындалуда ма?
Комиссия мүшелері кен орындарын аралап болған соң, «ОТ-2» кен алаңында бір күндік жұмысын қорытындылады. Аралау барысында, комиссия жергілікті жерден жұмысшы алу мәселесіне де баса назар аударды. Нәтижесінде «СТ-1» кен орнында - 6, «ОТ-2» кен орнында - 2 жергілікті тұрғын жұмыс жасап жатқандығына куә болдық. Олар Тайсойған, Миялы, Жангелдин ауылдық округтерінің тұрғындары. Десе де, бұл өте аз. Үш ұңғымада барлығын қосқанда сексеннің үстінде қызметкер бар десек, жұмыспен қамтылған жергілікті тұрғындар саны он пайыздың шамасында. Бұған назар аударған комиссия мүшесі Венера Мырзағали Мұқыр ауылдық округінен де жұмысшыларды алу жөнінде ұсыныс білдірді. Сонымен қатар, тағы бір комиссия мүшесі, Тайсойған ауылдық округінің әкімі Төреш Қозбақов мұнайшылар жазда дала өртіне аса мұқият болу керектігін түсіндірді. Өз кезегінде «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы геология және барлау департаментінің директоры Ернұр Тасеменов компанияның аудан халқы алдындағы әлеуметтік міндеттемелері кезең-кезеңімен орындалып жатқандығын тілге тиек етті. Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша компания ауданнан жоғарғы оқу орындарына түскен 10 студенттің оқу ақысын төлеп берген. Сол сияқты, бұрғыланатын ұңғыма аумағында орналасқан «Жандос» шаруа қожалығының иесі Темір Құбановпен келісімшарт жасалып, жері үшін өтемақы төленеді. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында да жұмыстар жүре береді. Сапар соңында, комиссия мүшелері алдағы айларда да келіп, бақылау жұмыстарын жиі жүргізіп тұру керектігін уағдаласып тарқасты.
Түйін. Бұл алғашқы сапар комиссия мүшелері үшін кен алаңдарымен және жұмыс барысымен танысу ғана болды. Өйткені үш ұңғыманың тек біреуінде ғана бұрғылау жұмысы жүріп жатса, екеуі әлі көшіп-қону, монтаждау жұмысын жасап жатты. Әлі толыққанды іске қосылмаған кен алаңдарын сырттай бақылаудан басқа амал болмады. Десе де, мұнайшыларға ауданда табиғат жанашырлары бар екендігі ескертіліп, экологиялық талаптардың қатаң сақталуы аса маңызды мәселе екендігі түсіндірілді. Бастысы – бұрғылау қаншалықты қарқын алған сайын бақылау да қатаң болады.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН