Аудандық сотта Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабының 3-бөлігінде және 667-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін азамат Н.Ж.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды.
Сотта анықталғандай, Н.Ж. Миялы ауылындағы азық-түлік дүкені қасында, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішіп, адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде жүрген, бұл әрекетті бұрын әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған.
Сонымен қатар, Н.Ж. аудандық орталық ауруханасы және полиция ғимаратының ішінде полиция қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде қойған заңды талаптарын орындамай, қарсылық көрсеткен, бұл әрекетті бұрын әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған. Сот отырысында Н.Ж. әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кінәсін толықтай мойындап, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік iшкенін және ішімдік ішкеннің салдарынан полиция қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде кедергі келтіргенін айтып, жасаған әрекетіне өкінетінін айтып, өзіне қатысты жеңіл жаза қолдануды сұрады.
Сот қаулысымен, азамат Н.Ж. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылды және Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 667-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды. Аталмыш кодекстің 58-бабы негізінде оған түпкілікті 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылды.
Қызылқоға аудандық сотының баспасөз қызметі