Өткен аптаның жұмасы күні «Арман» мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов, кәсіпкерлік саласына қатысты бөлім, мекеме басшылары, өкілдері және кәсіпкерлердің қатысуымен бизнеспен кері байланысты күшейту мақсатында аудандық кәсіпкерлер палатасының жыл ішінде атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды.
Хабарлама жасаған аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Елемес Олжабаевтың айтуынша, тіркелген 1 339 бизнес субъектілерінің 65-і заңды тұлғалар, 7-еуі өндірістік кооперативтер, 260-ы шаруа қожалықтары болса, 1007-сі жеке кәсіпкерлер. Өткен жылы палатаның менеджер-кеңесшілері арқылы 120 сервистік қызмет көрсетілсе, 199 адамға 787 түрлі консультациялық кеңестер беріліп, бизнес-жоспар жасақтауға 28 өтініш қабылданды. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» оқу бағдарламасы бойынша жобаны аяқтаған 250 адамның 78-і өз жобаларын қорғады. Ал, «Бизнес Кеңесші» оқу бағдарламасы шеңберінде сертификатқа ие болған 45 адамның 8-і 24 миллион теңге көлемінде қаржыландырылды. Сондай-ақ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен қолға алынған «Жас Кәсіпкер» жобасына қатысуға өтініш беріп, кәсіпкерлік бағытында оқыған 86 жастың 49-ы өз жобасын қорғады.
Жыл ішінде аудан бойынша аталмыш бағдарламаның І бағыты, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша және «Жас кәсіпкер» жобасы арқылы 3 адам 252500 теңгеден, 68 адам 505 000 теңгеден грант алса, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі арқылы 6 адам түрлі бағыттар бойынша жалпы сомасы 10 200 000 теңге грантқа ие болды. Сонымен қатар, алған несиесінің төлем мерзімін тоқтата тұру, кассалық аппарат, кәсіпкерлік нысанына тұтынған газ көлемі үшін есептелген үстеме қаржыны қайтару бойынша және несие алуына байланысты құжаттарын реттеуге көмек сұраған 12 адамнан өтініш түсіп, қанағаттандырылды.
Хабарламадан соң кәсіпкерлердің қойған сауалдарына аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфеева, аудандық кірістер басқармасының бас маманы Бекзат Сүйінов, «Бастау Қызылқоға» несие серіктестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заңгері Мақсат Төкеновтер жауап беріп, аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов жиынды қорытындылады.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ