Дүйсенбі күні аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы болып өтті.
Онда алдымен аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиевтің «Қызылқоға ауданының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2020 жылға арналған міндеттері туралы» есебі тыңдалды. Былтырғы жылы жасалған жұмыстарға тоқталған аудан басшысы биылғы жылы жасалатын жұмыстарды да жан-жақты баяндады. (Аудан әкімінің аталмыш тақырыптағы есепті баяндамасы газетіміздің 6-7 беттерінде жарияланып отыр). Одан кейін аудандық мәслихаттың былтырғы жылы атқарған жұмысын баяндаған Толқын Бейсқалидың мәлімдеуінше, былтырғы жылы бекітілген жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, аудандық мәслихаттың 4 кезекті, 12 кезектен тыс сессиялары өткізілді. Мәслихат құзыретіне жататын мәселелерге байланысты 58 нормативтік құқықтық актілер қабылданып, оның он алтысы Атырау облыстық Әділет департаментіне жолданып, мемлекеттік тіркеуден өтті. Мәслихат сессияларында бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес түрлі мәселелер талқыланып, шешімдер алынды. Аудандық мәслихат жанында үш тұрақты комиссия құрылып, жұмыс жоспары жасақталды. Тұрақты комиссиялар есепті кезеңде бекітілген жоспарға сәйкес сессияға ұсынылған материалдарды зерделеу, мәслихат шешімдерінің орындалысын бақылау, депутаттық сауалдарды талқылау, аудан әкімдігіне өзекті мәселелерге байланысты ұсыныстар беру тағы да басқа жұмыстарды жүзеге асырды. Сонымен қатар, аудан бюджетіне 4 рет, ауылдық округтердің бюджетіне 4 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, іске асырылды. Тұрақты комиссиялардың біріккен мәжілісінде қаралған мәселелер комиссия талқылауымен, сессияға жолданып, тиісті шешімдер қабылданды.
2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 21-1 бабының талаптарына сәйкес, 8 депутаттық сауал тіркеліп, тиісті бөлім, мекеме басшыларына хат жолданды. Аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының құрамында мәслихаттың 11 депутаты мүше болып табылады. Фракция мүшелері бекітілген кестеге сәйкес ай сайын қоғамдық қабылдау жасап, азаматтардың ұсыныс-тілектері бойынша нақты шаралар алуға жұмыстанып келеді. Былтырғы жылы депутаттардың 35 (оның 19-ы көшпелі) қоғамдық қабылдауына 98 мәселемен 91 адам келді. Оның ішінде 33 шағым оң шешімін тапса, 51 мәселе бойынша заң тұрғысынан түсінік берілді. Жалпы қабылдауға келген тұрғындардың жартысы жұмыс сұрағандар. Тұрғындардың мәселелері бойынша тиісті мекемелерге 56 хат жолданып, жиырма төртінен келген жауап өтініш иелеріне жолданды.
- Былтырғы жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген округтердің жиналысына аудан әкімімен бірге аудандық мәслихат депутаттары да, өзім де танысып шықтық. Есептегі баяндалған, игі істер бір жылдың шаруасы емес, тұрақты атқарылған, бірнеше жыл бойы жалғасын тапқан, кеңінен ойластырылған ауқымды жобалардың жүзеге асуы деп есептеймін. Аудан бойынша қабылданған жобалар мен атқарылған шаралардың басты ерекшелігі жүйелілік болып табылады. Соның нәтижесінде, барлық бағыт бойынша тұрақтылық пен өсім бар, әлеуметтік-экономикалық салаларға жіті көңіл бөлініп келеді. Жергілікті билік құрамындағы негізгі рөлге ие болған мәслихат пен халық арасындағы саяси ахуалды тұрақтандыруда белсенді топ ретінде қалыптасқан мәслихат депутаттары атқарушы органдармен бірлесе отырып, тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз үлесін қоса беретін болады,-дейді аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали.
Бұдан кейін аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Құмар Хасанов былтырғы жылы жасаған жұмыстарын баяндады. Жалпы, қоғамдық кеңес жұмысының негізгі бағыты - мемлекеттік орган басшыларының жұмыс нәтижелері туралы есептерін тыңдау болып табылады. Бұл ретте, баяндамадан білгеніміздей, аудан әкімінің «Қызылқоға ауданының 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2019 жылға арналған міндеттері туралы» есебі, «Аудандық мәслихаттың 2018 жылғы жұмысының есебі туралы» аудандық мәслихат хатшысының, «Аудандық қоғамдық кеңестің 3 жылда атқарған жұмысының есебі туралы» аудандық қоғамдық кеңес төрағасының есептері, басқа да мәселелер кеңес отырыстарында тыңдалды. Бұған қоса, жоспарлы отырыста «Қызылқоға ауданының 2016-2020 жылдарға арналған Аумақтық даму бағдарламасының 2018 жылға орындалысы туралы» аудандық экономика және қаржы бөлімінің жұмысы, «Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің 2019 жылғы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша есебі және атаулы әлеуметтік көмектің берілу жайы туралы» бөлім басшысы Б.Салықовтың жұмысы және «Көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы туралы» «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Атырау облысы бойынша филиалының әлеуметтік қамсыздандыру бойынша Қызылқоға аудандық бөлімінің басшысы Ж.Асанғалиеваның қосымша хабарламасы тыңдалып, бөлімдерге мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру бағытында көрсетілетін қызметтерді нақты, сапалы орындауды қамтамасыз етіп, атаулы әлеуметтік көмектің берілуі туралы тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп, ақпараттандыру ұсынылды. Аудан бойынша алтын, күміс алқалы аналарға тиесілі төлемдерді зерделеп, нақтылау ауылдық округ әкімдерінен сұралды. Сондай-ақ, кеңес отырысында «Қоғам қайраткері, «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Аташ Досалиев атындағы жоғары оқу орнында білім алу үшін демеушілік грантына 2018-2019 оқу жылының түлектері қатарынан аудан әкімдігінен оқу ақысына көмек сұраған үміткерлер зерделеніп, ұсынылды. Отырыста қоғамдық кеңес мүшелері Мысырғали Берденов пен Айжан Ізімова ұсыныс пікірлерін айтып, аудан әкімінің былтырғы жасалған жұмысын мақұлдады.
Бауыржан АМАНҰЛЫ