Жантерек елдімекенінде жақында салынған бастауыш мектептің тыныс-тіршілігімен танысқан аймақ басшысы одан әрі Мұқыр ауылдық округіне табан тіреп, салынып жатқан мәдениет үйі және мектеппен бірге, күрес залы, округ әкімі аппаратының ғимараты және дәрігерлік амбулаториясын аралап шығып, қазіргі жай-күйін көзімен көрді.
3559 тұрғын, 647 тұрғын үйі бар округте әлгінде айтқан 424 орындық мектептің, 400 орындық мәдениет үйінің, 4,7 шақырым Мұқыр ауылына қатқыл табанды кірме және ауылішілік жолдарының құрылысы жүргізілуде. Әйтсе де, округке қарасты Тасқұдық, Кенбай, Соркөл, Сарқұмақ елдімекендеріне су мен газ желілері жүргізліп, тұрғындар 24 сағаттық ауызсумен қамтамасыз етілсе нұр үстіне нұр болар еді.
Сонымен қатар, электр желілерін жаңғыртып, Мұқыр ауылынан 160 орындық балабақша, спорт кешені, өрт сөндіру бекеттерін салу да жергілікті тұрғындар тарапынан жиналыс сайын айтылып келе жатқан басты мәселелері. Халықтың тілегін жеткізген аудан әкімінің сөзін мұқият тыңдаған облыс басшысы құрылысты уақытында аяқтамаған жауапсыз мердігерлерден заңды түрде шарасын алу керектігін баса айтты.