Дүйсенбі күні Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов ауданға арнайы іссапармен келіп, ауданның тыныс-тіршілігімен танысты.
Облыс басшысы алдымен Жамансор елдімекеніндегі бастауыш мектепке ат басын бұрды. Аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиевтің айтуынша, 499 тұрғыны, 98 тұрғын үйі бар елдімекеннің негізгі мәселесі – электр желілерін жаңғыртуды, тұрғындарды 24 сағаттық ауызсумен қамтамасыз етуді, кірме және ауылішілік жолдарын қатқыл табанды жол мен құны 1114059,0 мың теңге болатын 120 орындық негізгі мектеп пен 60 орындық интернатын салуды қажет етеді. 2011 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген Жамансор бастауыш мектебінде барлығы 77 бала білім алуда.
Осы орайда, ауыл тұрғындары:
- Күні бүгінде Жамансор елдімекенінің 65, Кенбай стансасының 23, Жантерек елдімекенінің 4 оқушысы көрші Мақат ауданына қарасты Доссор кентіндегі мектепте, ауылымыздың 22 оқушысы Жылой, Мақат, Ақтөбе облысының Байғанин аудандарында, Атырау қаласында оқиды. Балаларымыздың жан-жақта білім алғаны жанымызға қатты батады. Сондықтан, Жамансордан аралары жақын үш елдімекенге (Жамансор, Кенбай, Жантерек) ортақ 120 орындық негізгі мектеп пен 60 орындық интернатын салса нұр үстіне нұр болар еді, - деген тілектерін білдірді.
Облыс басшысы бұл мәселені жан-жақты зерттейтіндігін жеткізді.