Байқауға қатысып, 1 миллион теңгеге ие болғыңыз келе ме? Ендеше, «Ауыл жастарының азаматтық белсенділігін дамыту» бағдарламасы жобасына қатысып, бақ сынаңыз. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде жүзеге асатын «Ауыл жастарының азаматтық белсенділігін дамыту» бағдарламасы, «NEET санатындағы жастардың әлеуметтік және жеке дамуы» жобалары аясында өткен «We talk» кездесу алаңында айтылды. Кездесуге 60-қа жуық жас қатысып, тың идеяларымен бөлісті.
Қазіргі күні жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту – бірінші кезекте тұрған мәселе. Ауданда кәсіп ашуға ынталы жастардың қатары артып келеді. Сонымен қатар NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналастыру бойынша белсенді көмек көрсетіліп, өзге де қолдау шаралары қолға алынуда. Кездесуде ауыл жастарының әлеуметтік жобаларын қолдау мақсатында 1 000 000 теңгеден грант беру жайында да айтылып, жастарға кеңінен ақпарат берілді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің міндеттерінің бірі» деп атап өтіп, жастарға ұдайы қолдау көрсетілетіндігін тілге тиек еткен болатын. Бүгінде егемен елдің қозғаушы күшіне айналған жастар қоғамның қай саласында болмасын белсенділігімен көзге түсіп, елдің ертеңі жолында жастық жігерін аямау- да. «Wetalk» деп аталатын алаңда жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар, жеңілдіктер, субсидия, гранттар төңірегінде әр түрлі мекеме өкілдері өз кеңестерін беріп жатыр. Жастардың бизнес бастауға, әлеуметтік кәсіпкерлікті бастауға, үкіметтік емес ұйым құруға деген қызығушылығы басым,- дейді «Жаныңдамын!» қоғамдық қорының директоры Мейрамгүл Есниязова.
Әлеуметтік жоба 7 бағытты қамтиды. Қатысушыға қойылатын негізгі талап – ол өз ауылының әлеуметтік проблемасын шешу. «Ауыл жастарының азаматтық бастамаларын дамыту» жобасының шағын гранттар конкурсына конкурстық өтінімдерді қабылдау 21 шілдеге дейін жалғасады. Жобаға 16-35 жас аралығындағы жас- тар қатыса алады. Облыс бойынша 14 жеңімпаз анықталып, әрқайсысы 1 млн теңгеден шағын грант алатын болады. Комиссия қарауынан өткен жоба 20 қыркүйекке дейін іске асырылуы тиіс. Толық ақпаратты Instagram әлеуметтік желісіндегі @auyljastary_ atyrau парақшасынан біле аласыздар.
– Бұл жобаның біздің ауданға берері көп. Ауданымыздағы кез келген әлеуметтік мәселені ауыл азаматтары өзінің жобасы арқылы шешуіне 1 млн теңгенің гранты ұсынылып отыр. Жалпы ауылымыздың дамуы үшін мұндай жобалардың іске асып отырғаны қуантады. Мемлекет бойынша қандай гранттар, субсидиялар бар, жастарға берілген мүмкіндіктер туралы айтылып, түсіндірілді,- дейді «ДамыTime» дамыта оқыту және психологиялық қолдау орталығының басшысы Назерке Сәмешова.
Кездесуге қатысқан жастарға сала мамандары үкіметтік емес ұйымды құрудың жолдары, тұрғын үй бағдарламалары, бизнес-жобаларға берілетін шағын несиелер туралы кең көлемде ақпарат берді.