Жастарға дұрыс бағдар беруде зиялы қауымның әлеуетін көбірек пайдаланған абзал. Бұл туралы бүгін еліміздің қоғам өкілдерімен кездескен Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жалпы, еліміз үшін зиялы қауым өкілдерінің орны қашанда ерекше. Олар қай кезеңде де халықтың жанынан табыла білген, елдің мұңын билікке жеткізуші дәнекер болған. Зиялы қауымның ұлтымызды қаншама тар жол, тайғақ кешулерден сүріндірмей алып шыққаны да тарихтан белгілі. Бұл ретте, әсіресе, өткен ғасырдың басындағы Алаш зиялыларының орны бөлек», - деді Сенат Төрағасы.
Оның атап өтуінше, елдік мұрат, ұлттық мүдде жолындағы істерде зиялы қауым әрдайым алдыңғы шептен табыла білді.
«Қазір еліміз үшін өте маңызды кезең. Тәуелсіздік тарихындағы ең қиын сынақты еңсеріп келеміз. Осындай уақытта зиялылардың пікірлері және қоғамдық позициясы өте маңызды. Елдің дұрыс жолмен дамуына, әсіресе, жастарға дұрыс бағдар беруде зиялы қауымның әлеуетін көбірек пайдаланған абзал деп білеміз. Осындай жұмыстарға «Ұлтық мүдде» жобасы да өз үлесін қосады деп үміттенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев.
Inform.kz