«Жаңа Қазақстан» моделінде Парламентке көп ауыртпашылық түседі. Бұл туралы бүгін Сенат жанынан құрылған «Ұлттық мүдде» диалог алаңының бірінші отырысында Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбек айтты.
«Кешегі Жолдаудың негізгі ұсыныстары – Парламенттің рөлін күшейту, Президенттік модельді сәл өзгерту, мәслихаттардың және сайлау заңнамасының өзгерісі. Конститутция бойынша Парламенттің екі қызметі бар еді ғой. Заң шығарушы және өкілеттік рөлі. Заң шығарушы қызметін осы уақытқа дейін атқарып келгенімен, өкілеттік рөлі әлсіз болатын. Сондықтан осы қызметін қазір жандандыру керек. Осыған орай менің бірнеше ұсынысым бар. Бірінші, парламентаризм мәдениетін қайтаруға тиіспіз. Қазіргі таңда Парламенттің әлсіз тұсы – оның сараптамалық, дербес, тәуелсіз күші болмауы. Мәселен, АҚШ-тың Конгресіне қарайтын болсақ, мықты сараптамалық қызмет орталығы бар. 2014 жылы соны зерттегенбіз. Сондықтан ақырындап сараптамалық зерттеу орталығын қалыптастырса деген ойдамын», - деді ол.
Мәжіліс депутаты екінші ұсынысы ретінде Парламентке Ресейдегідей «сарапшы сағаты» форматын енгізу керектігін айтты. Оған мықты сарапшыларды тарту қажет.
«Президент Жолдауында мәлімдегендей, «Жаңа Қазақстан» моделінде Парламентке көп ауыртпалық түседі. Парламент соған дайын болуы керек. Ішкі ресурстарын реттеп, қоғамдық палата ма, сондай дүниелерді ашпай болмайтын сияқты», - деді Саясат Нұрбек.
Inform.kz