Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жанармай бағасы қымбаттамаса екен...

Қысқы мал азығын дайындау науқанына мұқырлықтар мен сағыздықтар да бел шеше кіріскен.

2013 жылдан бері «Маңғыт» деген жерді мекен еткен «Нұр» шаруа қожалығы да қос трактормен шабындыққа орақ салды. Соңғы уақытта күннің қатты ысуына орай шөпшілер таңғы және кешкі салқынмен ғана шөп шабады. Қора басына қажетті 1500 дана орама шөптің 300-і дайындалып тасымалданды. Негізінен қой малын өсіріп отырған шаруашылықта мүйізді ірі қара мен жылқы да бар. Шаруашылық жағдайымен таныстырған қожалық жетекшісі Ғабит Хайруллин біраз мәселені алға тартты.

Оның айтуынша, жер асты суы тартылып, құдық суы азайғандықтан малға су ауылдан тасымалдануда. Жағдай осылай жалғаса берсе мал өсіру қиынға соғады. Су жоқ жерде мал асырауға мүмкіндіктің болмайтыны белгілі. Сонымен бірге, жанар-жағармайдың қымбат болуы жұмысқа да өзіндік кедергі келтіруде. Тиісті орындар ең болмаса науқан кезінде осы мәселені неге оңтайлы шешуге жұмыстанбайды? Күннің шамадан тыс ысуы далалық өрттің шығуына әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан шаруагерлер бұл тілсіз жауға дайын болып, егер шыққан жағдайда оны сөндіруге бір кісідей жұмылуы тиіс.

Шындығында қазіргі уақытта әр жерден далалық өрттің көрінуі сақтық шараларын күшейтуді талап етеді. Бұл орайда, әркім «өз терісін илемей» «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» жөн. Мұқыр ауылдық округіне қарасты «Сарқұмақ» шаруа қожалығының төрағасы Алшын Омаров шөптің түсімі нашар болғандықтан биыл тек қана дайындаған пішенді қора басына жинайтынын айтады. Ал, сағыздық «Атырау» шаруа қожалығы шөпті қыстақтан 62 шақырым қашықтықтағы «Сырым» алқабынан шабуда. Пішен шабуға осы айдың басында кіріскен қожалық әзірге 400 дана орама шөп дайындады. Әлі 1600 дана орама шөп қажет.

Шаруашылыққа басшылық жасап жүрген Ғарифолла Жұмиевтің айтуынша, биыл шөп сұйық шыққан. Сондықтан, мал азығын қашықтан дайындауға тура келіп тұр. Ең бірінші қожалық малына қажетті шөп дайындау. Артылса Сағыз тұрғындарына жеткізіледі.

Жанар-жағармайдың, шөп буатын шпагат жіптің қымбат болуы жұмыстың өз деңгейінде жүруіне кедергі келтіруде. Шаруагерлерге бұл мәселені кім шешіп береді?

Ата-кәсіпті қолға алып, мал бағудың бейнетін көріп отырған қыр төсіндегі шаруагерлердің қысқа дайындығы, мал шаруашылығына қатысты көтерер мәселелері, айтар ойлары осындай. Қайткенде де «Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, қыстың жайына ерте қамдаған аудан пішеншілері мал азығының сенімді қорын жасау бағытында қызу жұмыс жасап жатыр.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ 

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521