Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Көздіғаралық шаруагерлердің жайы қалай?

 Көздіғара ауылдық округінде 23 шаруа қожалығы бар. Соның бірі – «Құтырған» деген қыстақта отырған «Ырыс» шаруа қожалығы.

Төрт түліктен жылқы, қой-ешкі, мүйізді ірі қара малдарын өсіріп отырған шаруашылық иесі Сайлаубек Мақының айтуынша, күннің аптап ыстығынан шабындықтағы ақтық және басқа да шөптер күйіп кеткен. Жантақ жусан дегендер жақсы шығып келе жатқанымен, олар күзде піседі. Әрине, шабындық бәрі бірдей жақында емес. Көпшілігі алыста. Сондықтан Тайсойған жерінен шөп шабуға жер алып, соған дайындалу үстінде. Бұйыртса жақын арада екі трактормен шөпке шалғы салмақ. Қора басында өткен қыстан қалған 200-дей орама шөп бар. Енді 500 орама дайындаса қыстан қысылмай шығады. Ал малға қажетті жемді жыл сайын Сағыз стансасынан сатып әкеледі.

Өр суының келмеуі жерге, шаруашылыққа қиын болып тұр. Қайтеміз, елмен бірдейміз ғой. Әйтсе де, тиісті орындар бір шешімін табатын болар деген үміттеміз. Бір құдығымыз бар еді. Суы азая бастаған соң ұңғыма (скважина) құдық қаздырып алдық. Шүкір ауызсу малға жетіп тұр. «Май» деген алқапта жайлауымыз бар. Мал бағуға адам келмеген соң жаз мезгілінде оны да пайдалана алмай отырмыз, - деген қожалық жетекшісі шаруашылыққа қатысты мәселесінен құлағдар етті.

Аталмыш округтегі шаруасы алға басқан іргелі шаруашылықтардың бірі – «Абдол қора» қыстағындағы «Қайрақбай» шаруа қожалығы шілде айының басында шөп шабу науқанына қызу кіріскен. «Бозбие» деген алқапта шабындыққа шалғы салған шаруашылық басшысы Қайрақбай Мырғамбаев бүгінгі күні 200 шамалы орама шөп дайындап үлгерген. Қора басында өткен жылдардан қалған 3000 орама шөп бар. Жыл сайын 1000 орама шөпті қосымша дайындап қояды. Артылғаны ауыл тұрғындарына сатылады. Екі інісінің отбасымен бірге төрт түлікті өсіріп отырған Қайрақбай әсіресе, мүйізді ірі қара мен жылқыға басымдық беріп отыр. Шаруашылыққа жұмысқа адам келмеген соң қой малын азайтты. Техниканың сайлы болуы – еңбек өнімділігін арттырудың төте жолы екенін білетін шаруагер қолда бар техникаларды жаңартуды да қолға алды.

Әрине өр суының тасымауы, жаңбырдың болмауы мал азығын дайындауға қиындық келтіретіні даусыз. Дегенмен шөптің түсімі нашар деп қарап отырмай барлық мүмкіндікті пайдалану қажет, - дейді қожалық жетекшісі.

Ал, Бүйрек елді мекенінен 14 шақырым қашықтықтағы «Аманша» деген жерде орналасқан «Ақерке» шаруа қожалығы Көздіғара ауылдық округіне қарасты жас шаруа қожалығы. Қожалыққа жақындағанда шөп шауып жүрген бір трактор мен дайын орама шөпті тиеп жүрген бір трактор кездесті. Шөп тиеп жүрген трактордан түскен механизаторға амандасып, жөн сұрастық. Өзін Мақсот Қанатбаевпын деп таныстырған механизатормен әңгімелесіп, біраз жағдайға қанықтық. Оның айтуынша, шаруашылық жетекшісі ұлы Жанат Қанатбаев екен. Біз барған уақытта техникаларға қосалқы бөлшектер әкелу үшін Орал қаласына кеткен екен. Үлкен қызы Атырау қаласында жұмыста болса, кіші қызы Ақерке мектеп жасында. Ұлы 2017 жылы «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ Атырау облысы филиалынан үш миллион теңге несие алып, қожалықтың іргетасын қалады. Алған несиеге асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиырының 20 бас аналығы мен екі бас аталығын алды. Оған дейін меншігінде аз да болса жылқылары болды. Бүгінгі таңда өз төлінен өскен ақ бас сиырлары 70 басты құраса, жылқылары екі үйірге жеткен. Сиырлар сауылып, өнімі халыққа ұсынылуда. Екі тракторды қажетті құралдарымен осы малдың қаржысына алған. Құдық суының тапшылығы сезіле бастаған соң екі ұңғыма құдық қаздырған. Қазір су мол. Электр желісін тартуға мүмкіндік болмағаннан кейін өткен жылы күн панелін қондырып, рахатын көріп отыр. Иелікте 1000 гектар жері бар. Мал өскен сайын жайылымдық, шабындық жерді қажет етеді. Сондықтан биыл 400 гектар жерге өтініш берілді.

Ұлым тағы да 50 бас ақ бас сиыр алғысы келеді. Бірақ әзірге несие берілмей тұр. Өйткені оған қоятын кепілзат бізде жоқ болып тұр. Тағы бір мәселе, ұрлық болмағанымен ит-құс маза бермей тұр. Бөлек қалған баспақ-торпақ, құлынды қағып түсіреді. Шөптің түсімі жаман емес. Бір күнде 30-40 орама шөп дайындап жүрміз. Олар қора басына тасымалдануда. Шөп шабу науқанында кәнігі механизатор Ардақ Әзімов деген жиенім көмектеседі. Қора-жайымыз дайын. Тоқ етері, қажетті шөбімізді шауып алсақ, қысқа дайынбыз, - дейді Мақсот ағамыз.

Иә, «Жас келсе іске» дегендей көптеген жастар жұмыс жоқтықты сылтауратып әке-шешесіне масыл болып үйде отырса, Жанаттың еңбек етуге деген құлшынысы қуантады. Осындай азаматтар көп болып, мал өсіру арқылы елге жасап жатқан еңбегі жана берсін дейміз.

Б.ОҚАС

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521