Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жаңғырту жұмыстары жалғасын табуда

«Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су құбырын жаңғырту шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстары қызу қарқын алды. Аталған жоба Еділдің суын Маңғышылақ түбегіне жеткізетін магистральдың ұзындығы шамамен 176 шақырымды құрайтын екі учаскесін ауыстыруды көздейді.

Бұл өз кезегінде құбырдың өткізу қабілетін 2024 жылы тәулігіне 110 мыңнан 170 мың текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Апта басында «ҚазТрансОйл» АҚ Бас директоры (Басқарма төрағасы) Талғат Құрманбаев Атырауға жұмыс сапары аясында «Астрахань-Маңғышлақ» магистралдық су құбырын қайта жаңарту және кеңейту, 1-кезек» жобасының іске асырылу барысымен танысты. Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев та құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатқан нысан басында болды. Жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдеріне сәйкес іске асырылады. Оны толықтай аяқтау 2023 жылдың соңына жоспарлануда. Стратегиялық маңызды нысан Атырау облысының Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарының және Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия және Түпқараған аудандарының тұтынушылары үшін су берудің жалғыз орталықтандырылған көзі болып табылады. Суды тұтынатын халық саны Маңғыстау облысында 35 пайызды, Атырау облысында 28 пайызды құрайды. Жыл сайын халықтың су тұтыну көлемі 4-5%-ға артып келеді. 2022 жылы Атырау және Маңғыстау облыстарының тұтынушыларына 29 млн 786 мың текше метр тұщы су берілді, 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда су жеткізу көлемінің ұлғаюы 399 мың текше метрді құрады. Бұдан басқа, Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында орналасқан мұнай-газ өндіру және өнеркәсіп кәсіпорындарының, мұнай-химия өндірістері жобаларының жұмыс істеуі мен дамуы бұл судың үздіксіз берілуіне тікелей байланысты. «Магистральдық су құбыры» ЖШС Бас директоры Берік Салпек құрылыс-монтаждау жұмыстары басталғанын, төселетін құбырлар нысан басына жоспарлы жеткізіліп отырылатынын хабарлады. Қазіргі уақытта диаметрі 1220 миллиметр болатын пластмассамен қапталған өңештермен жаңғыртылған 9 шақырымдай құбыр қабылданды. «ҚазТрансОйл» АҚ жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникациялар департаментінің мәліметі бойынша жобаны қаржыландыру үшін «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-нан 66,7 млрд. теңге сомасында несие алынған. Бүгінгі дейін оның 29,7 млрд. теңгесі игерілді. Сондай-ақ, жобаны жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан дағдарыстың салдарынан арылу мақсатында 70 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінді. «Магистральдық суағызғысы» ЖШС-не қаражат аударудың нақты шарттары мен механизмі «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен анықталады. «Магистральдық суағызғысы» ЖШС-нің 2022-2027 жылдарға арналған магистральдық су құбырлары арқылы су беру қызметі бойынша тарифтер реттеліп көрсетілетін қызметтерге кететін және жобаны жүзеге асыруға жұмсалатын шығындарды жаппайды. Соған сай, бұл күндері серіктестікпен тарифтерді қайта қарастыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT