Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жаңа тренд - жаңа мүмкіндік

Ақпараттық технологияның жедел дамуы ақпарат құралдарының заман ағымына сай әрекет етуін талап етеді. Ол үшін журналистердің біліктілігін арттыру аса қажет.

Осы секілді өзекті пікірлер мен оңды ұсыныстар облыстық Бас редакторлар клубының кезекті басқосуында айтылды. Жиынға республикалық Бас редакторлар клубының атқарушы директоры Әсем Есілбаева арнайы келіп қатысты. Басқосуда облыстық Бас редакторлар клубының жетекшісі Жанай Амантурлин жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға шолу жасады.

Атап айтсақ, клуб мүшелері аға буын мен жас ұрпақ арасындағы байланысты нығайту, өңірлік басылым жұмыстарын насихаттау мақсатында бірқатар істі қолға алған. Әсіресе, білім ордаларымен тығыз қарым-қатынас орнап, балаларға басылымның, онда жарияланатын мақалалардың маңызы туралы жан-жақты насихаттық жұмыстар жүргізілген.

Басқосу алаңында «Алтын аймақ» газетінің бас редакторы Төлеген Берішбай да аталған клуб жұмысының маңызына тоқталып, аймақтық баспасөз құралдары арасында өндірістік тәжірибе алмасу ұйымдастыру қажеттігі туралы ұсынысын айтты.

– Басылымдардың өзара байланыста болуы олардың сапасын арттырады. Ақпарат құралдары – өткенді түгендеп, қолда барды бағалаушы. Ал, клубтың жұмысы осы ақпарат айдынындағы бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына талдау жасайтын, бағыт-бағдар беретін бірден-бір құрылым болуы керек, деді ардагер-журналист.

Аймақтағы ахуалмен жіті танысуға арнайы келген Әсем Жұмабекқызына ризашылығын білдірген «Атырау- Ақпарат» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев аймақтық журналистиканы көтеру үшін алдымен журналистердің біліктілігін арттыру қажеттігін атап айтты. Ол орталықпен коммуникациялық байланысты нығайтып, журналистер жаңа трендті меңгеру керектігін сөз етті.

Сондай-ақ, әлемдік «New York Times», «The Washington Post» секілді басылымдарымен ұйымдастырылатын семинарларға өңірлік тілшілерді де қатыстыру мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.

250-ден астам бас редактордың басын қосатын республикалық клубтың қызметіне қысқаша тоқталған Әсем Жұмабекқызы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қызметте белсенділігімен танылған бір топ жергілікті журналисті клубтың Құрмет грамотасы, құттықтау хаттарымен марапаттады.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521