Бүгін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталинның төрағалығымен өткен Атқару комитетінің кезекті отырысында Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы қызметіне 45 жастағы атыраулық белгілі азамат, қоғам белсендісі Әлібек Семғалиев бірауыздан сайланды.
Әлібек Аманжанұлы 1998 жылы «Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау» кәсібі бойынша Атырау мұнай және газ институтын бітірген тау-кен инженері. Еңбек жолын «Бұрғышы Сервис» ЖШС-нде 4 разрядты бұрғышының көмекшісі болып бастаған А.Семғалиев кейін әр жылдары «Сазанқұрақ» біріккен кәсіпорнында мұнай өндіру операторы, мұнай өндіру шебері, кен орны басшысы, бас механигі болып жұмыс жасаған. Ал, 2011 жылдан бастап «Сазанқұрақ» ЖШС бас директорының өндіріс бойынша орынбасары, «Прикаспиан Петролеум Компани» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы болып қызмет атқарды, «Атырау облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалардың бірлестігіне жетекшілік етті.
Әлібек Семғалиев Атырау қалалық мәслихатының VI шақырылым депутаты болды. Қазір облыстық мәслихаттың депутаты. Ол Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен, «Меценат» төсбелгісімен марапатталған.
Атырау облысының жекпе-жек, кикбоксинг федерацияларының президенті. Сондай-ақ, әр жылдары таңдаулы меценат ретінде «Жыл маманы», «Жыл тұлғасы», «Жыл адамы» аталымдарының жеңімпазы болды.
Кәсіподақтар федерациясы Атқару комитетінің мүшелері мен барша әріптестері жұмысшы-қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, әлеуметтік мәселелерге байланысты туындайтын дау-дамайларды болдырмау және алдын алу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Әлібек Аманжанұлына үлкен сенім артып, оның жаңа қызметіне табыстар мен сәттіліктер тіледі.
Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі, баспасөз қызметі