Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Жақында жерлесіміз, ауданның Құрметті азаматы, «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісінің иегері Бибоз Шаяхметовтың «Ұмытылмас күндер» атты кітабы жарыққа шықты.

Ұзақ жыл Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары болып, әлеуметтік саланың әлденуіне үлес қосқан Бибоз Байдәулетұлы 2016-2019 жылдары Құрманғазы ауданының әкімі лауазымын атқарып, абыройлы еңбек етті. Қазіргі таңда, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның әлеуметтік саясат және инфрақұрылымдық нысандарды басқару жөніндегі департамент директоры болып қызмет ететін ол биылғы жылы асқаралы алпыс жасқа толып, өзінің өмір жолдары мен көрген-түйгендерін кітапқа басуды жөн санады. «Ұмытылмас күндер» атты су жаңа кітап жақында ғана баспадан шығып, кітаптың тұсаукесер рәсімі Сара Ізмұхамбетова басшылық ететін Ғ. Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты онлайн форматта өтті.

Шара барысында кітап иесі оқырмандарға тікелей эфир арқылы кітаптың мәні мен мазмұнына тоқталып, артынша кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашылары Ғалия Байешева мен Бике Нысанбековалар тұсаукесер рәсімін жасады. «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасынан 300 дана таралыммен басылған кітапты аудандық «Қызылқоға» газетінің бас редакторы Бауыржан Сисенов пен «Серпер» газеті бас редакторының орынбасары-жауапты хатшы Қанат Ғұмаров құрастырса, баспаға қазақ журналистикасының қайраткері Әбілхан Төлеуішов дайындады.

Кітапта Бибоз Байдәулетұлының мемлекеттік қызметтегі еткен еңбек, төккен тері жайлы әріптестері мен журналисттер жазған мақалалар мен жолжазбалар, отбасылық суреттер, түрлі деңгейде алған марапаттар және кітап иесінің ой салар очерктері қамтылған.

Дулат МӘТЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT