Жазғы демалыс басталғалы балалардың ойыннан басқа ешнәрсеге көңілі аумайтыны белгілі.
Десек те, биылғы аяқталған оқу жылының да оқушыларға онлайн режимде болып, оқудың ерте аяқталуы, олардың ұзақ үйде отыруларына себеп болды. Бұған қоса, әлі де індеттің сиілмегенін біле тұра, ойын алаңдарында балалардың көп ойнауы үлкен қауіп төндіреді.
Осы орайда, әлеуметтік желіні қарап отырып, анасы балаларының кітапханада жүрген фотосын салып қойғанын көрдім. Көзге өте әсерлі көрінді. Анасының ықпалымен Марғұлан және Мансұр Асылбекұлдары аудандық балалар кітапханасына барады. Сондағы анасы Айтолқынның ойы әдемі, әсерлі кітаптарды көріп, ұлдарының қызығушылығы оянады ма деген ой еді.
Өйткені, телефон, телевизор балалардың қаладағы баладан еш айырмашылығы қалмағандай еді. Иә, бұл сәтте аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы Гүлдана Лұқпанова балаларға өте қызықты деген кітаптарды көрсетуге дайын болатын. Екінші және бірінші сыныпты оқитын Марғұлан мен Мансұр кітапханадан «Пысық құлан», «Күн астындағы күнекей қыз» ертегілерін және көкөністер, түстер, аң-құстар жайлы түрлі-түсті кітаптарды алды.
Осы тұста, кітапханашы Гүлдана Лұқпанова:
- Балалар кітапханасында көптеген қызықты кітаптар жетерлік. Әттең, оны оқитын баланың саны аз. Бір баланың қадамы басылса қуанып, керегін алдына тосамыз. Кітаптан баланың түйері көп қой. Мәселен, бір түрлі түсті ертегі кітабынан түстердің қанықтығын аңғарса, ертегі оқып зейінін ашса бала зерек бола түседі. Сондықтан, балалардың карантин режимінде үйде болып, балалар кітапханасынан әртүрлі кітаптар алып, оқуларына кеңес беремін. Әрине, оған ата-аналары да ықпал етсе нұр үстіне нұр болар еді, - деді.
Иә, балалар көп нәрсеге қызығады. Әсіресе, оларды кітап оқуға тәрбиелеп, мейлінше көбірек әңгімелесуге уақыт табуымыз қажет. Осы тұста, кітап пен баланың арасындағы байланыстың артықшылығына тоқталсам. Балалар кітапты көбірек оқыса, сол кітаптағы тақырыптар арқылы бір-бірімен әңгімелесе алады. Сондай-ақ, кітап дүкенінде ата-ана балаға қалаған кітабын таңдауға рұқсат ете бермейді. ал, кітапханадан таңдау да, оқу да оңай. Сондықтан, кітапханаларға жиі апарған дұрыс. Балаға өз жасына сай, суреттері бар кітаптарды оқытуға тырысыңыз.
Мәселен, ертегілерді. Сонымен қатар, кітапхана баланың мәдениетпен танысуының алғашқы кезеңі. Біріншіден, кішкентай бала сөрелердің арасында жүріп «Міне, кітаптар, оларды көруге және оқуға болады» деп ойланады. Содан кейін кітапханаға бару әдетке айналады.
Ендеше, барлық ата-аналардың дәл қазіргі уақытта балаларға көп уақыт бөліп, кітапханалардан жасына сай кітаптарды таңдауға көмектесу қажет. Кітап тек баланың уақытын өткізу үшін, оның зейінін ашу үшін де үлкен көмек деп білемін.
Нұрсәуле СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ