Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Жаңа Қазақстан» құруға барлық ресурсымыз бар – Наталья Дементьева

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құру туралы бастамасын қолдау мақсатында Парламент Мәжілісінде дәл осындай атаумен депутаттық топ құрылған болатын.

Топ қоғам өміріндегі ең өзекті мәселелерді Парламент қабырғасында дер уақытында көтеріп, халықтың да проблемаларын жедел шешуге бел шеше араласпақ. Осыған орай аталған топтың мүшесі Мәжіліс дептутаты Наталья Дементьеваны сөзге тартып, жұмыстарының негізгі бағыттары жайында сұрап білген едік.

- Наталья Григорьевна, Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан» құру бастамасы жалпыұлттық идеяға айналу үшін не істеу қажет?

- Президенттің «Жаңа Қазақстан» құру туралы бастамасы жалпыұлттық идеяға айналуы үшін ең алдымен әрбір қазақстандық өзінің сана-сезімін өзгертуге дайын болуы тиіс. Жергілікті атқарушы органның әрбір өкілі, қызметі жоғары шенеунік, қоғамымыздың әрбір қарапайым азаматы еліміздің тағдырына тікелей қатысы бар екенін сезінуі, елін өзгерту қажеттігін түсінуі керек. «Мемлекет маған не береді?» деген сауалдың орнына әр адам өзіне «Мемлекетімнің игілігі үшін мен не істей аламын» деген сұрақты қоюы қажет. Егер біз «Маған келіп кетер ештеңесі жоқ» деген ұстаныммен өмір сүре берсек, онда ештеңе өзгермейді.

- Сіздің ойыңызша, осынау жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстанда қандай маңызды алғышарттар бар? Тағы қандай алғышарт жасауымыз керек?

- Сіз бен біз, бәріміз - ел Президенті жүзеге асырып жатқан реформалардың куәсіміз. Әрине, бір күннің ішінде немесе қысқа ғана кезеңде елді өзгерте алмаймыз. Оған барлық саладағы жүйелі өзгерістер қажет. Дегенмен, бізде материалдық тұрғыдан да, зияткерлік тұрғыдан да қажетті барлық ресурс бар. Сонымен қатар жұмыстың ескі әдісіне үйреніп алған жергілікті атқарушы органдардың қызмет көрсету жүйесіне де өзгерістер қажет деп санаймын. Тіпті олар өзгерістерді қаламайды да. Сондықтан халық тарапынан наразылық туындап жатады. Биліктің жоғары сатысында отырған да, жергілікті жердегі де шенеуніктердің, барлығының жұмысы ашық әрі әділ болуы тиіс. Дәл осы мәселе халықтың сеніміне не болмаса сенімсіздік танытуына түрткі болады.

- «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының құрамында қандай мәселелермен айналысуға ниет танытып отырсыз?

- «Жаңа Қазақстан» тобы Мәжіліс жұмысының регламентіне сәйкес құрылды. Топ үш секторға бөлінген. Әр топтың құрамында оған мүше болуға ниет танытқан 9 депутаттан бар. Әр сектордың өз бағыты, жетекшісі бекітілген. Мен қызмет саласына әлеуметтік сала, мәдениет, жастар саясаты мәселелері кіретін үшінші топқа жетекшілік етемін. Соған орай біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз. Бұл бағыттармен қатар Президент тапсырмаларының орындалуын да бақылауда ұстаймыз. Қызметіміздің бағыттарының бірі – наразылық танытушы топтармен жұмыс. Біз оларды тыңдауымыз, сұрақтарын қаперге алуымыз және көтерілген мәселелердің дер уақытында шешілуіне жәрдемдесуіміз қажет.

- «Жаңа Қазақстан» жайында айтқан кезде осы жылдың қаңтарындағы оқиғаларды да естен шығара алмаймыз. Осы орайда, алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермеу үшін не істеу қажет?

- Қаңтар оқиғалары өмірімізді оған дейінгі және кейінгі деп бөліп тастады десек те артық айтқандық емес. Көп жайтты ой елегінен өткізуімізге түрткі де бола білді. Жоғарыда атап өткенімдей, барлығымызға, оның ішінде бұрынғыша жұмыс істеп үйреніп қалған әрі қарапайым халықтың үніне құлақ аса бермейтін билік өкілдеріне сананы өзгертетін кез келді. Бүгінде елімізде проблема жеткілікті. Бірақ, оны шешуге де мүмкіншіліктер мол. Өңірлерге жиі сапарға шығып, халықпен кездесулер барысында біз, депутаттар олардың мәселелерін проблемаларын тыңдаймыз. Ал оларды сол жерілікті атқарушы органдардың деңгейінде-ақ шешуге болады. Алайда адамдар шенеуніктерге мұң-зарын жеткізе алмайды. Ашықтық, қолжетімділік және әділдік – міне дәл осылар қарапайым халықтың сенімін қайтарып, нығайта алады. Тек осындай кезде ғана болашақта қаңтар оқиғалары сияқты жайттар қайталанбайды.

 

- Сұхбатыңызға рақмет!

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT