Жұмыссыз адам алдымен тұрғылықты жерi бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына барып, жеке басын куәландыратын құжат, еңбек қызметін растайтын құжат (бар болған кезде) және арнайы білімі немесе кәсіптік даярлықтан өткені туралы құжат (бар болған кезде) тапсырады.
Сонымен қатар, «Электронды үкімет» веб-порталына кіру арқылы да жоғарыдағы құжаттарды енгізіп, өтініш беруге болады. Ал, он алты жасқа толмаған тұлға бұл құжаттарды өзінің заңды өкілдерінің бірінің жазбаша өтінішімен бірге ұсынады. Өтініш берілгеннен кейін жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыс іздеген тұлғаға он жұмыс күні ішінде жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі және тегін әлеуметтік кәсіптік бағдарлау бойынша қызметтер көрсетеді. Бұл орайда, жұмыс іздеуші адам үш жұмыс күні ішінде кемінде бір рет халықты жұмыспен қамту орталығына, ал, ауылдық елді мекендерде тұратындар кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне барып, жұмыс іздеуге мүдделілік білдіруі тиіс. Жұмыссыз адам он жұмыс күні ішінде лайықты жұмыс таңдамаса жұмыссыз ретінде тіркеу туралы шешім қабылданады. Содан кейін жұмыспен қамту орталығы тарапынан өтініш берушіні жұмыссыз ретінде тіркеу және есепке қою туралы немесе тіркеуден бас тарту туралы хабардар етіледі. Ал, он алты жасқа толмаған, еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн, зейнет жасына жетіп, зейнетақы алатындар және жұмысы жоқтығы туралы көрінеу жалған беретін адамдар жұмыссыз ретінде тіркеле алмайды.
Жұмыссыз болып тіркелген тұлғалар халықты жұмыспен қамту орталығынан жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары жөнінде кеңес алуға, еңбек нарығының біртұтас ақпараттық базасынан өзі туралы мәліметтерді тегін алуға, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер алуға құқылы болып табылады. Сондай-ақ, жұмыссыз адамдар ережеде көрсетілген заңдылықтарды сақтауы тиіс. Дәлірек айтқанда «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын сақтауға, Заңға сәйкес, халықты жұмыспен қамту орталығына келiп тұрудың тәртiбi мен мерзiмдерiн сақтауға, жұмыспен қамту орталығы берген жұмысқа жолдаманы алған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде жұмысқа орналасу мәселесi бойынша жұмыс берушiге жүгінуге міндетті. Сондай-ақ, тұрғылықты жерiн ауыстырса, тұрақты немесе уақытша жұмысқа орналасса, кәсiпкерлiк қызметпен айналысса, ұйымдық-құқықтық нысаны мен меншiк нысанына қарамастан ұйымға құрылтайшы (ортақ құрылтайшы) болса, мүгедектiк тобын белгiлеп немесе оның өзгертсе, зейнетақы төлемдерін тағайындаса аталмыш өзгерiстер туралы халықты жұмыспен қамту орталығына бес жұмыс күнi iшiнде хабарлауы тиіс. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыздарды лайықты жұмыстың ұсынылған екi түрiнен бас тартқанда және дәлелсіз себептермен ұсынылған жұмысқа, оқуға бес жұмыс күні ішінде бармағанда, шақырылғанда үш жұмыс күнi ішінде халықты жұмыспен қамту орталығына келмегенде, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатыспаса, бас бостандығынан айыру түрiндегi жазамен сотталғанда немесе заңды күшіне енген сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп емдеуге жiберiлгенде, көрінеу жалған немесе қолдан жасалған құжаттар бергенде жұмыссыздар есебінен шығарылады.
Есептен шығарылған жұмыссыздар сол күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн өткен соң ғана жұмыспен қамту орталығына келіп, жұмыс іздеуші адам ретінде қайтадан тiркеле алады. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын, белгiленген тәртiппен жұмыссыздар деп танылған адамдар жұмысынан айырылған жағдайда «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алуға құқығы бар. Әлеуметтік төлем жұмыссыздарды жұмыспен қамту орталығы кәсіптік оқытуға, әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға жіберген кезде сақталады. Сондай-ақ, жұмыспен қамту орталығы алушыны жұмыссыз ретінде есептен шығарған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ақпаратты Мемлекеттік корпорация арқылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ұсынады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген ақпаратты алу негізінде әлеуметтік төлемдерді тоқтатады. Содан кейін жұмыспен қамту орталығы жұмысқа орналастырудың жеке картасына тиісті өзгерістерді уақтылы енгізеді.
Айбол САҒАТҰЛЫ,
аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы.