Елімізде 17 тамыз күні карантиндік шектеу шаралары кезең-кезеңмен алынып тасталды.
Алайда, кейбір аймақтарды шектеу шаралары әлі де сақталғаны белгілі. Соған сай, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Алтынгүл Аймұратова былайша түсінік берді:
«Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 15.08.2020 жылғы №48 «Карантиндік шектеу шараларды және оларды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы» және Атырау облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 15.08.2020 жылғы №62-ПГВР «Атырау облысы тұрғындары арасында коронавирустық инфекциясы індетінің алдын алуға қатысты шаралар туралы» қаулысы шықты. Атырау облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №62 қаулысында шектеу шараларын биылғы жылдың 31 тамызы сағат 00:00-ге дейін ұзартқан болатын. Алайда, осыған дейін қызметін тоқтатқан нысандарға Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 25.06.2020 жылғы №43 қаулысымен бекітілген қосымшаларда көрсетілген талаптарды, барлық күшейтілген санитариялық және дезинфекциялық режимді сақтай отырып, қайта қызметін бастауға рұқсат берілді.
Атап айтсақ, қоғамдық тамақтандыру орындарына жабық нысанда 30 адамнан және ашық алаңдарда 50 адамнан аспайтын, 2 метр әлеуметттік қашықтықты сақтай отырып, 1 отбасы мүшелерін қоспағанда 1 үстелден 4 адамнан аспайтын адам санына отырғызып қызмет көрсетуге, азық-түлік емес сауда нысандарына жалпы сыйымдылығының 30 пайыздан аспайтын толымдылығымен 1 келушіге 4м² есебімен әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып қызмет жасауға болады. Сондай-ақ, қонақ үйлер, көлік жөндеу, шиномонтаж, халыққа қызмет көрсету қызметтеріне, алдын ала жазылумен шаштараздар, сұлулық салондары, моншаларға, 5 адамнан аспайтын тобы бар балалар түзету кабинеттерінің, балалар мен ересектердің оқу орталықтарына, сонымен қатар мектепке дейінгі мекемелерге 15 баладан аспайтын кезекші топтармен жұмыс жасауға рұқсат.
Меншік нысанына қарамастан медициналық ұйымдардың қызметіне алдын-ала тіркелу арқылы және ХҚКО жұмыс портал арқылы алдын ала брондау бойынша жұмыс күндері сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін, Call орталықтары мен мамандандырылған ХҚКО демалыс күндері сенбі күні сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін, жексенбі күні сағат 9.00-ден 15.00-ге дейін жұмыс жасайды. Ал, «Казпочта» АҚ жұмысын сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін және онлайн режимде максималды қызметтер ұсыну жұмысын ұйымдастыруға және саябақтарда, скверлерге бір отбасы мүшелерін қоспағанда, 3 адамнан аспай топтасып жүруге, ашық ауада жеке және топтық жаттығуларға 5 адамнан аспайтын, ұлттық құрама, клуб командалары үшін спорттық жаттығуларға 30 адамнан аспайтын байланыссыз термометрия пайдалана отырып жұмыс жасауға рұқсат берілді».
Бұған қоса, демалыс күндері халықтың қозғалысына шектеу, қоғамдық көліктің жұмысын тоқтата тұру, 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуын шектеу, сауда үйлерінің, сауда желілерінің (бутиктер) қызметін тоқтату, монша, шаштараз, сұлулық салондарының қызметін тоқтата тұру, балалар мен ересектердің оқу орталықтарын, балалар түзету кабинеттерінің қызметін тоқтату міндеттелген. Сонымен қатар, тағы бір маңызды айта кететін жайт, барлық кәсіпкерлік субъектілері объектілерінің жұмысын бастау үшін InfoKazakhstan.kz сайтынан электронды форматта берілетін санитариялық нормаларға сәйкестік актісі негізінде міндетті түрде алу арқылы жұмысын бастауы керек.
Жалпы осы шектеу шаралары кезіндегі жеке тұрғындарға қойылған талаптарға келетін болсақ, бес жасқа дейінгі балаларды, қоғамдық тамақтану орындарында тамақтану жағдайларын, жеке және 5 адамнан аспайтын топтық спортпен айналысатын адамдарды қоспағанда, әлеуметтік қашықтықты міндетті түрде сақтай отырып, қоғамдық орындарда, қоғамдық транспортта, халыққа қызмет көрсету және демалуға арналған ғимараттарда, ашық ауада медициналық немесе мата бетперделерін кию басты міндет. Және де әкімдік, құқық қорғау органдарының, жедел және шұғыл медициналық қызмет көрсету қызметкерлері, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет және тіршілікті қамтамасыз ету нысандары қызметкерлерін, сондай-ақ жұмыс орнынан анықтама болған жағдайда облыс, аудандардың және үздіксіз циклдегі кәсіпорындардың тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің жұмысшыларын қоспағанда, тұрғындар мен автокөлік қозғалысына сағат 23.00 ден 06.00 аралығында жүруге болмайды.
Ал, ең негізгісі думанды, отбасылық той, еске алуларды үйде және адамдар көп жиналатын өзгеде шараларды өткізуге рұқсат берілмейді. Сондай-ақ, ойын-сауық орталықтарының бильярд, компьютерлік клуб, кальян, букмекерлік мекемелер, түнгі клубтар, боулинг орталықтары қызметіне, театрлар, концерттік залдар, мұражай, көрмелерге, фудкорт, банкет залдары, бар, караоке қызметіне де тыйым салынып отыр.
Нұрсәуле СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ
Сурет: ашық дереккөзден