Қызылқоғадағы онлайн-брифингте не айтылды?

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай әлеуметтік әлсіз топтарға, әр түрлі санаттағы адамдарға әлеуметтік төлемдер төлеу қолға алынуда. Бұл бағытта туындаған түрлі сауалдарға жауап беру мақсатында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Болат Салықов пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Атырау облысы Қызылқоға аудандық бөлімшесінің басшысы Жанар Асанғалиеваның қатысуымен аудан әкімдігінің инстаграмм, фейсбук әлеуметтік желілері арқылы «Әлеуметтік төлем төлеу» тақырыбында тікелей онлайн-брифинг өтті.

Осы орайда, онлайн-брифинг барысында қойылған сауалдар мен берілген жауапты оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

– Әлеуметтік төлем нақты кімдерге беріледі? Төлемге қол жеткізу үшін қандай құжаттарды қайда, қалай тапсырамыз? Ал, 1325 теңге төлеген адам өтінішті қайда береді?

Болат САЛЫҚОВ:

– Аудан әкімінің өкімімен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қатысушыларына әлеуметтік төлем төлеуді жүзеге асыру жөнінде аудандық штаб құрылып, төрағалығына аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов бекітілді. Әлеуметтік төлем еліміздегі төтенше жағдайға байланысты жұмысын уақытша тоқтатып, табысынан айырылған жандарға ғана ең төменгі жалақы мөлшері (42 500 теңге) төленеді. Олардың қатарына шағын және орта бизнестегі жалдамалы жұмыскерлер, жеке кәсіпкерлер (такси жүргізушілері, шаштараздар, фотографтар, киім-кешек сатушылар және тағы басқалары), өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар (жеке адвокаттар, нотариустар, сот орындаушылары, медиаторлар) жатады. Бұл ретте шағын және орта бизнес басшылары төтенше жағдайға байланысты үйде отырған жұмысшыларының тізімін қалыптастырып, жергілікті жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне Egov.kz сайты немесе Telegram-bot арқылы өтініш жіберуі тиіс. Өтініш аудандық штабта қаралып, бір күн ішінде қорытынды шығарылады да «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ аудандық бөлімшесіне жолданады. Бұл жерден де бір күн ішінде кімге тиесілі екендігі жөнінде шешім қабылданып, үшінші күні әлеуметтік төлем алатын азаматтарға қаржы аударылады. Ал, өзін-өзі қамтушылар, жеке кәсіпкерлер өздері өтініш береді. Тіркелмей кәсіппен айналысып жүрген азаматтар бірыңғай жиынтық төлемін (1325 теңге) төлеген соң, өтінішін жоғарыда көрсетілген сайттарға жібереді. Бұған өзін-өзі қамтушылар кіреді.

– Egov.kz сайты жасамай, қиындық келтіріп тұрғандықтан өтінішті басқаша қалай жіберуге болады. Сондай-ақ, жұмыссыз адамға 42 500 теңге тиеді ме? Әлде жұмыссыздар есебіне тіркелу керек пе?

Болат САЛЫҚОВ:

– Электрондық сандық қолтаңбасы болса өтінішті Egov.kz сайты арқылы жіберуге болады. Қазіргі таңда аталмыш сайтта жүктеме көбейіп тұрғаннан соң, өтініштерді жіберу үшін қосымша Telegram-bot ашылды. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған тұлғаларға берілетін ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңге жұмыссыз жандарға берілмейді. Бірақ жұмыссыз есебіне тіркелгендерге азық-түлік жиынтығының мөлшері қаржылай төленеді. Аудан бойынша жұмыссыздар есебіне ресми тіркелгендер 993 адам. Олардан ешқандай өтініш алмай, біздегі мәліметтері бойынша есеп шоттарына 5567 теңге аударылады.

– Бірыңғай жиынтық төлемді төлегендер 42 500 теңге тағайындалғанын қайдан біледі?

Болат САЛЫҚОВ:

– Бірыңғай жиынтық төлемді төлеп, өтініш түсірген соң әлеуметтік төлем тағайындалғаны туралы ұялы телефондарына СМС хабарламасы жіберіледі.

– Азық-түлік жиынтығын кімдер ала алады? Және оның тізімін кім, қалай қалыптастырады?

Болат САЛЫҚОВ:

– Азық-түлік жиынтығының мөлшері (5567 теңге) атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың барлық балаларына, І, ІІ, ІІІ топ мүгедектігі бар барлық адамдарға, мүмкіндігі шектеулі балалар мен оларды күтіп отырған ата-аналарға және ресми тіркелген жұмыссыздарға беріледі. Азық-түлік жиынтығының тізімін үкімет жасайды.

– Биылғы жылдың қаңтар айында жұмыссыздық есебіне тіркеліп, бірақ жұмысқа кіретін болып, жұмыссыздар есебінен шыққан болатынмын. Алайда, төтенше жағдайға байланысты жұмысқа қабылдамай отыр. Бұл ретте әлеуметтік төлемді ала аламын ба?

Болат САЛЫҚОВ:

– Жұмыссыздар есебінде болғандықтан, сізге әлеуметтік төлем емес, азық-түлік жиынтығының мөлшері тиесілі.

– Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын жолдасым төтенше жағдайға байланысты үйде жүр. Жолдасыма 42 500 теңгені жұмыс орны төлей ме, әлде үкіметтен бөліне ме?

Болат САЛЫҚОВ:

– Жолдасыңыздың жұмыс орны шағын және орта бизнес қатарына жатса, басшылары төтенше жағдайға байланысты үйде отырған жұмысшыларының тізімін қалыптастырып, жергілікті жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне өтініш жібереді. Сол тізім арқылы әлеуметтік төлем төленеді. Ал, жұмыс орны ірі кәсіпорын қатарында болса, мекемесі төлейді.

– Биыл 18 жасқа толатын мүгедек балам бар. Соған беріле ме?

Болат САЛЫҚОВ:

– Мүгедек балаларды бағып отырған ата-аналарға да азық-түлік жиынтығының мөлшері беріледі. Оған ешқандай өтініш жазып қажеті жоқ, тізімі өзімізде бар.

– Қазіргі таңда жұмыссыздыққа қалай тіркелеміз?

Болат САЛЫҚОВ:

– Қазіргі таңды жұмыссыздыққа тіркелу Egov.kz сайты арқылы тіркеледі. Бұған қоса еліміздегі төтенше жағдайға байланысты бөлімдер арқылы көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтер электронды портал арқылы жүргізіледі.

– Бес балаға мемлекеттік жәрдемақы алым жүрмін, жұмыссыздар есебінде тіркеулімін. 42 500 теңге ала аламын ба?

Жанар АСАНҒАЛИЕВА:

– Бұл қаржы қазіргі жағдайға байланысты уақытша табысынан айырылған адамдарға берілетін төлем. Егер атаулы әлеуметтік көмек алатын болсаңыз әр балаға азық-түлік жиынтығының мөлшері беріледі. Төтенше жағдайға байланысты азық-түлік жиынтығы қазір 6 жас пен 18 жасқа дейінгі балаларға беріледі. Бүгінгі таңда аудан бойынша 139 отбасындағы 361 баланың есепшоттарына 5567 теңгеден қаржы аударылды.

– Атаулы әлеуметтік көмекке құжаттарды қалай тапсырамыз?

Болат САЛЫҚОВ:

– Биылғы жылдың І тоқсанында атаулы әлеуметтік көмекті ауданда 143 отбасы алды. Сол отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек ешқандай өтінішсіз тағайындалады. Ал, І тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек алмаған жандар «электронды үкімет» порталы арқылы өтініштерін жібереді.

– 15 сәуірде жылу жағу маусымы аяқталған соң от жағушы операторларға әлеуметтік төлем төлене ме?

Болат САЛЫҚОВ:

– Қазіргі таңда жұмыс жасап жатқандықтан оларға әлеуметтік төлем де, азық-түлік жиынтығының мөлшері де тимейді. Маусым біткен соң «электронды үкімет» порталы арқылы жұмыссыздар есебіне тіркеле алады.

– Көп балалы отбасыларға қандай көмек бар?

Жанар АСАНҒАЛИЕВА:

– Биылғы жылдың басынан бастап көп балалы отбасыларға бала санына байланысты мемлекеттік жәрдемақы берілуде. Бұл жәрдемақы балаңыз 18 жасқа толғанға дейін беріледі. Мұның төтенше жағдайға ешқандай қатысы жоқ.

– Балабақша қызметкерлеріне әлеуметтік төлем тие ме, әлде жалақысы сақтала ма?

Болат САЛЫҚОВ:

– Балабақша қызметкерлері және сол секілді басқа да бюджет есебінен қаржыландырылатын мекеме қызметкерлері үйлерінде уақытша жұмыссыз отырғанымен, оларға әлеуметтік төлем де, азық-түлік жиынтығының мөлшері де тиесілі емес. Жалақылары сақталады.

– Декреттік құжатты қалай, қайда тапсырамыз? Декреттік демалыстағы аналарға әлеуметтік төлем тиесілі ме?

Жанар АСАНҒАЛИЕВА:

– Декреттік құжаттар бұған дейін халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы қабылданатын. Қазіргі таңда бұл құжаттарды тапсыру «электронды үкімет» порталы арқылы жүзеге асырылуда. Ол үшін қолында ЭЦҚ болуы керек. Декреттік демалыстағы әйел адамдар төтенше жағдайға байланысты уақытша жұмыстан қысқарғандар қатарына жатпайды. Сондықтан оларға әлеуметтік төлем төленбейді.

– Жұмысын уақытша тоқтатқан зейнеткер кәсіпкерлерге әлеуметтік төлем тиесілі ме? Ақылы қоғамдық негізде жұмыста жүргендерге ше? Жағдайға байланысты олардың да жұмысы тоқтатылды.

Болат САЛЫҚОВ:

– Зейнеткер кәсіпкерлерге әлеуметтік төлем төленбейді. Өйткені олар мемлекет белгілеген зейнетақы алып отыр. Ал, ақылы қоғамдық негіздегі жұмыстар тоқтатылғанымен, жалақылары сақталады.

– Мүгедек баласы бар адамға және күтушісіне азық-түлік жиынтығы тие ме?

Болат САЛЫҚОВ:

– Негізінен азық-түлік жиынтығы барлық мүмкіндігі шектеулі балалар мен оларды күтіп отырған ата-аналарға тиетіні жоғарыда айтылды. Ал, сауал І топ мүгедектеріне тағайындалған жеке көмекші туралы болса, оларға төленетін төлемдер тоқтатылған жоқ. Сондықтан, жеке көмекшілер азық-түлік жиынтығын ала алмайды.

– Теміржол вокзалынан уақытша жұмыстан босатты. Бұл ретте маған қандай төлем немесе көмек көрсетіледі?

Жанар АСАНҒАЛИЕВА:

– Егер мекемеңіз «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-на қараса, онда сізге тиесілі төлем мекемеңіз арқылы жүреді. Ал, мекемеңіз шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне жатса, әлеуметтік төлем төлеу өтініш беру арқылы жүзеге асады.

– Жеке кәсіпкерлігін тоқтатқандарға әлеуметтік төлем беріле ме?

Болат САЛЫҚОВ:

– Егер кәсіпкерлігін төтенше жағдайдан бұрын тоқтатқан адамдарға ешқандай төлем төленбейді. Төлем тек қана төтенше жағдай кезінде жұмысын тоқтатқан кәсіп иелеріне беріледі.

– Көп балалы отбасындағы студенттерге қандай көмек бар? Жағдайға байланысты қашықтықтан үйде оқиды.

Болат САЛЫҚОВ:

– Егер отбасы атаулы әлеуметтік көмек алатын болса және 23 жасқа дейінгі баласы күндізгі бөлімде оқысы кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Басқаша көмек көрсетілмейді.

– Әйелім жоқ, төрт балам бар. Төтенше жағдайға байланысты 1 сәуір күні 18 жасқа толған үлкен қызымның анықтамасын тапсыра алмай қалдым. Анықтаманы қалай тапсырамын? Анықтама тапсырмаған соң жеңілдіктер тоқтап қалмай ма?

Жанар АСАНҒАЛИЕВА:

– Сәуір айында үш балаңызға жәрдемақы төлене береді. Ал, 18 жасқа толған қызыңыздың анықтамасын төтенше жағдай уақыты аяқталғаннан кейін аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырасыз. Мамыр айында сәуір айының ақшасы бірге төленеді.

– Мемлекет басшысы «Зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырдым» деген болатын. Осыны түсіндіріп өтсеңіздер.

Жанар АСАНҒАЛИЕВА:

– Бұл бағытта әзірге ешқандай нұсқаулық келген жоқ. Сондықтан бұл туралы нақты ештеңе айта алмаймыз.

Дайындаған,

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

COVID 19

covid

Соңғы жаңалықтар

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelsizdikke-30-zhyl

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21