Ауданда республикалық «Таза Қазақстан» шарасы аясында жергілікті полиция қызметі бөлімінің шешімімен рейдтік іс-шаралар өткізілді.
31 шілде – 3 тамыз күндері жүргізілген рейд кезінде аудан аумағындағы Ойыл, Сағыз өзенінің жағалаулары тексеріліп, 16 құқықбұзушылық анықталды. Олардың басым бөлігі өзен жағалауларында белгіленбеген жерлерде суға түсу дерегі бойынша тіркелді.
– Үш күнде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 364 бабы «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша 6 хаттама толтырылса, құқық бұзғандар арасында масаң күйде суға түсіп жағалауда алкогольдік ішімдіктерді iшу, қоғамдық орындарға масаң күйде келген жеті адам бар. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505-бабы «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, жасыл екпелерді жою және бүлдіру» бойынша 2 хаттама жасақталды, - дейді аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Асхат Құлбаев.
Аталмыш акция тамыз айының аяғына дейін жалғасып, рейдтік шаралар әлі де жүргізілмек.
Гүлмира МАҚСОТ
Сурет: ашық дереккөзден