Құрметті қызылқоғалықтар!
Баршаңызды Тәуелсіз еліміздің халықтар арасындағы ынтымағы мен бірлігінің, шынайы достығының символы іспеттес Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Небір алмағайып заманда да жатты жатсынбай, құшағын айқара ашқан дархан пейілді қазақ – шын мәнінде алғыс арқалаған халық екендігі белгілі.
2016 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында елімізде Алғыс айту күнін белгілеу туралы ұсыныс білдіріп, бұл бастама қалың көпшіліктің қолдауына ие болған еді. Міне содан бері көктемнің алғашқы күні «Алғыс айту күні» болып белгіленіп, аталмыш дата Қазақстанда айшықты аталып өтуде. Еліміз егемендігін алғалы қазақ елінде ұлттар арасындағы шынайы татулық пен келісім салтанат құрып келеді.
Қазақ халқының дархандығы, өзгені өгейсітпейтін мейірімділігі қоғамдағы тұрақтылықтың негізін берік қалады. Қазақстанның барлық түкпіріндегі сияқты, Қызылқоға өлкесінде тұратын сан ұлттың өкілдері мен ұрпақтары жергілікті жұртшылықпен бірге ауданымыздың өркендеуіне зор үлес қосып, береке-бірлікті нығайтуда өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді.
Алғыс – теңіздің тұңғиығындай, жүректі жібітіп, көңілді иітетін тұнық ұғым. Бұл күн қазақ жеріне, қазақ халқына емес, жалпы ата-бабаларымызға, аға буынға, ата-анамызға, қасиетті тарихымызға пейілімізді білдіру күні. Алға қарай да берекемізді бекемдеп, татулығымызды ту етіп, қандай сындар болса да еліміздің дамуына күш-жігерімізді жұмылдыра берелік! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаттық, бақыт, бірлік, береке, еңбекте табыс, өмірде сәттілік тілеймін!
Құрметпен, Қызылқоға ауданының әкімі
Нұрсұлтан Бисембиев