Вашингтон, Нью-Йорк және Оттавада дауыс беру басталды. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Вашингтонда, Нью-Йоркте және Оттавада сайлау учаскелері ашылып, дауыс беру басталды. Сан-Францискодағы тағы бір учаске уақыт белдеуін ескере отырып кешірек ашылады»», - деді Шавкат Өтемісов.
Жалпы шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасының өкілдіктері жанында 68 учаске ашылған болатын. Оның бірнешеуінде дауыс беру аяқталды.
Тек Сан-Францискодағы бір сайлау учаскесінде дауыс беру астана уақытымен сағат 21.00-де басталады.
Жалпы сағат 18.00-дегі жағдай бойынша республиканың 8 108 668 азаматы бюллетень алды. Ол - тізімге енгізілген азаматтардың 67,85 пайызы.
Бүгін елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Барлық өңірде 10 033 учаске жұмыс істеп тұр.