Елімізде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары жиі орын алуда. Оған көбінесе қоғамның әлсіз топтары-әйелдер мен балалар ұшырайды. Көптеген адамдардың пікірінше, отбасылық зорлық-зомбылық тек күйеуі мен әйелі арасында орын алады. Көбінесе бұл туралы әйел азаматшалар ашық айта бермейді. «Ауруын жасырған өледі» демекші, жалпақ жұртқа жайыла бермейтін жайттарда болады.
Қоғамның үлкен бір кеселіне айналған отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайлары барша адамның жауына айналған ішімдік өнімін жиі пайдалану, қызғаныш, жұмыссыздық, тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жағдайындың төмендігінен қаншама шаңырақтың шайқалуына түрткі болып отыр. Салдарынан ерлі-зайыптылардың арасында агрессивті қарым-қатынас орнап, соңы қол көтеру, денсаулыққа зиян келтіруде. Күйеуінен қысым көрген әйелдер қорғану мақсатында тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінуге мәжбүр.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамның құқықтық санасына және мінез-құлқына мақсатты ықпал ету үшін, сондай-ақ, оның тарапынан қайталама құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу және жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық әңгімелесулер жүргізіліп, қорғау нұсқамасын шығару, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасақтау шаралары жүргізіліп, жанжал кезінде зорлық-зомбылық көрсетілген немесе ауыр дене жарақатын келтіріп, қорқытқаны бойынша ҚР Қылмыстық Кодексімен жауапкершілікке тартылатындығы жөнінде түсіндіріледі.
Яғни, кінәлі тұлғаларға Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің 73 бабы «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» үшін әкімшілік хаттама жасақталып, сот құзырына жолданып, Заң талаптарына сәйкес сотпен шешім алынады. Ал олардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бар болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106 (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру), 107 (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру), 108-1 (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру), 109-1 (Ұрып соғу), 115 (Қорқыту) баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Егер Сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері немесе құрбаны болсаңыз, Қызылқоға ауданы полиция бөлімінің 102 немесе 2-12-06 нөміріне хабарласуға болатындығын ескертеміз.
А.Шәкірова,
Қызылқоға ауданы ПБ ОТЗЗҚТ-ның
аға инспекторы
полиция майоры