Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезект Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялаған болатын. Жолдауда ел дамуының негізгі бағыттары – экономика, әлеуметтік саясат, сыртқы саясаттағы басымдықтар және алдағы стратегиялық жоспарлар қамтылып, алдағы кезеңдегі негізгі жұмыс бағыттарын айқындап берді.
Мемлекет басшысы ауылшаруашылық саласына қатысты біраз мәселені көтеріп, осы бағытта нақты жоспар бойынша жұмыс жүргізілетіндігін, қазіргі таңда қаржының басым бөлігі шикізат салаларына құйылып отырғандығын, алайда уақыт талабына сай ендігі міндет – өңдеу өнеркәсібіне, жоғары технологияларға және шағын орта бизнеске инвестиция тарту керектігін баса айтты. Бұл қадам ел экономикасының тұрақты дамуына жол ашары сөзсіз.
"Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Өнімдер әлемнің көптеген еліне тасымалданады. Мұндай жобалардың ауқымын кеңейту қажет. Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы керек" деді Мемлекет басшысы.
Мұның бәрі ауылдық жерлер үшін үлкен мүмкіндік. Экономиканы әр тараптандыру ауылдық аймақтарда жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға серпін береді.
Қайырғали БАЗАРБАЕВ, ауылшаруашылығы саласының ардагері