Президент Жолдауындағы «Заң мен Тәртіп – мемлекеттігіміздің берік тірегі» деген сөзі менің ойыма терең ой салды. Соңғы кездері қоғамда орын алып отырған тұрпайылық, дөрекілік, бір-бірімізге деген сыйластықтың азаюы расымен де алаңдатады.
Автобуста, көше қиылысында, тіпті дүкендерде дау-дамайға куә боламыз. Бұл – біздің ұлттық болмысымызға, мәдениетімізге жат қылық. Ең өкініштісі, мұндай жағымсыз көріністерді әйел адамдардың тарапынан да жиі кездестіріп жүрміз. Ашуға беріліп, бейәдеп сөз айтуы немесе орынсыз айқай-шу шығаруы елдің мәдени келбетін төмендетеді. Президенттің айтқанындай, мұндай әрекеттер өркениетті қоғамда орын алмауы тиіс. Шетелдіктердің көз алдында халқымыздың абыройына нұқсан келтіретін мұндай қылықтарды түбірімен жою – әрқайсымыздың парызымыз. Біз – тарихы терең, тектілікті ту еткен халықпыз. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген аманаты бүгін де өзекті. Өзара сыйластық пен ынтымақты жоғалтсақ, қоғамымыздың іргесі әлсірейді. Сондықтан әрбір азамат өзін ғана емес, ел намысын ойлап, мәдениеттілік пен тәртіптілікке ұмтылғаны абзал. Мен қала тұрғыны ретінде Жолдауда көтерілген бұл мәселені қолдаймын. Заң мен тәртіпке сүйеніп, бір-бірімізге құрметпен қарасақ қана еліміз өркениетті, озық ұлттардың қатарынан көрінеді деп сенемін.
Мерген СҰЛТАНҒАЛИҰЛЫ, «Теміржол Жөндеу» ЖШС-нің теміржол жөндеу шебері