Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Тойды арақсыз өткізуге мүмкіндік мол

Алла Тағаланың адамдарға берген үлкен нығыметтерінің бірі – денсаулық.

Ол жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Адамдардың көбі дер кезінде қадірін білмей алданып қала беретін баға жетпес екі бірдей нығмет – денсаулық пен бос уақыт» деген. Ал, біз Алланың берген осы нығыметтерін қадірлеп жүрміз бе? Денсаулықты қадірлеп жүрміз дейін десек – арақ ішеміз. Күнде ішпегенмен той-томалақта, туған күндерде, қонақтықтарда тостымызды айтып «жүз грамдатып» жіберетініміз шындық. Уақытты да солай, пайдасыз бос жүріспен, әңгімемен, қала берді әлгінде айтқандай жиын-тойларда жаттанды тілек айтып, арақ ішумен өткізіп келеміз. Біз ес білген өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары ауылдық жерде арақтың беделі жоғары болды.

Өйткені, сол кездегі адамдар соғысқа қатысқан, жойқын қырғынның арасында болған немесе сол соғыста ет жақындарынан айырылғандар еді. Сондықтан болар, өз уайымдарын, қайғыларын арақпен жуып-шаюға назар аударған. Келген қонақтарға арақсыз шай беру жоққа тән болды. Ақыр соңында қонақ келген сайын ішімдіксіз дастарқан жайылмайтындығын көріп өскен жастар да араққа үйрене бастады. Сөйтіп, тойларды арақсыз өткізбеуді дәстүрге енгізіп жіберді. Тойларда, арнайы қонақтықтарда тост айту дағдыға айналды.

Менің таңғалатыным бүгінгі сауатты жастарымыз арақтың зиянын біле тұра соған үйір. Тіпті, ер балаларды былай қойғанда қыздарымыз да түрлі отырыстарды шараппен өткізетіні ащы да болса шындық. Заманның жақсаруына байланысты ауылымызда түрлі деңгейдегі тойлар күн санап артып келеді. Бірақ, осы тойлардың дені ішімдіксіз өтпейді. Араққа сылқия тойып алып тілек айтамыз, қала берді шатып-бұтып бата береміз. Негізінде, жастардың үйлену тойларын арақсыз өткізуге толық мүмкіндік бар. Бірақ жалған ұят оған жол бермей келе жатыр. Биыл Доссор кентіне үш рет үйлену тойына, Атырау қаласына бір рет құдалыққа баруыма тура келді. Сонда байқағаным осы тойлардың қай қайсысында да үстелге арақ қойылған жоқ. Ұлттық сусындар мен бірге тәтті сулар қойылған тойда ойындар ойналып, жыр-термелер айтылды. Әзіл-қалжыңдармен тойдың сәнін келтірді. Тойға қатысқандар да дән риза болды. Демек, осы күні жастардың көпшілігі арақ ішпеуге бет бұрған. Бұл өте құптарлық жағдай. Теледидардан көріп жүргендей, түрліше кесапаттың көбі осы арақтан болып жатқандығы да жасырын емес. Небір құлақ естіп, көз көрмеген қанды оқиғалар, шектен шыққан бұзақылықтар осы қу арақтың кесірінен болып жатыр. Сондықтан, «Арақ атаңнан қалған ас емес» деген қағиданы ұмытпай, ескере жүрейік, ағайын.

Аманкелді СӘРСЕМБАЕВ,

ардагер ұстаз,

Мұқыр ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT