«Арман» мәдениет үйінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы келісімге сәйкес аудандық жұмыспен қамту орталығы есебінде тұрған адамдарға қысқа мерзімді оқытуға іріктеу үшін түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Дина Әбішева:
– 2019 жылдан бері «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаржыландыруымен облыс көлемінде жұмыссыз жандарды оқытып келеміз. Мұндағы мақсатымыз – облыс бойынша жұмыссыз жүрген жандарды қосымша мамандыққа оқытып, жұмыссыздар санын азайту. Осы орайда, «АПЕК Петротехник» жоғары колледжі, «Ақтау» және «ILT» оқу орталығына 11 мамандық бойынша оқытылады. Әр оқу орталықтарында мамандыққа орай оқу мерзімдері әртүрлі. Жатақхана, үш мезгіл тамағы, оқу барысында пеориялық, практикалық сабақтарға киетін арнайы киімдер тегін берілсе, шәкіртақы берілмейді, - деді.
Бұдан кейін оқу орталықтарынан келген өкілдер өз орталықтарында қандай мамандық оқытылатыны туралы түсіндіріп өтті. Мәселен, оқуға ниет білдіргендер «АПЕК Петротехник» жоғары колледжінде металл құрылымдарын дәнекерлеуші (оқу мерзімі – 4 ай), бақылау-өлшеу аспабын орнатушы (3 ай), электромонтаждаушы (3 ай), металл құрылымдарын орнатушы (3 ай), құбырмонтаждаушы (3 ай), жалпы құрылыс маманы (3 ай), құрылыс мінбе сатыларын орнатушы (2 ай) мамандықтарына оқыса, құбырларды дәнекерлеуші (4 ай), құбырмонтаждаушы (3 ай), металл құрылымдарын дәнекерлеуші (4 ай) мамандықтарын «Ақтау» оқу орталығынан білімін жетілдіре алады. Ал, «ILT» оқу орталығы құмлама, өндірістік бояушы және оқшаулаушы мамандығына оқытады. Бұл оқу орталығында курстың ұзақтығы – 2 ай. Аптасына алты күн оқып, бір күн демалады.
Түсінік жұмыстарынан соң оқуға ниет білдірген елуден астам тұрғын қалаған мамандықтарына орай тест тапсырды.
Бауыржан САҚТАСИНОВ.
Суретті түсірген автор