Бүгінде жастардың көбі кәсіпке бет бұрып, одан нәсібін табуды қолға алып жүр. Солардың бірі – Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының тұрғыны Әнуар Нұров. Ол биыл ақпан айынан бері калифорниялық қызыл шылаушын өсіруді қолға алған. Жақында «Demey» волонтерлік топтарға арналған облыстық конкурста «Құнарлы жер» тақырыбындағы жобасын ұсынып, грантқа ие болды, деп хабарлайды Қызылқоға ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Калифорниялық қызыл шылаушын – сақина тәрізді Lumbricidae тұқымдасына жататын құрт. Латыншадан аударғанда «foetida» деген сөз, яғни «сасық» деген мағынаны білдіреді. Бұл «Thomas J. Barrett» 1959 жылы Калифорния штатының университетінде түрлі жауын құрттарын будандастыру нәтижесінде алған.
-Жыл басынан бері биологиялық тұрғыдан зерттелген органикалық тыңайтқыш арқылы құнарлы жерлерді арттырып, табиғи өнім алу мақсатында, малдың көңінен табиғи тыңайтқыш өндіріп, оны бау бақшаға, теректерге пайдаланып, жасыл желекті көбейтіп, гүлдендіруді қолға алып келемін. Ауылда тау-тау болып үйіліп жататын малдың көңі жазда қызып, түтіндеп, қоршаған ортаны ластайды. Ал, оны өңдесек экологиялық проблеманы шешіп, ауыл тазалығына үлес қосамыз. Сол себепті шылаушын құртын өсіріп отырмын. Өйткені осы құрттар арқылы малдың көңін табиғи тыңайтқышқа айналдырып отырмын, - деді Ә.Нұров.
Айта кетейік, калифорниялық қызыл құрттың ұзындығы 10 сантиметр, диаметрі 3-5 милиметр, дене салмағы шамамен 1 грамм тартады. Ал, өмір сүру ұзақтығы 16 жыл. Кәдімгі жауын құртына қарағанда 150 есе тез көбейеді. 21 күнде жаңа ұрпақ пайда болады. 90-120 күнде ересек күйге өтеді. Екі шылаушынның ұрпағы жылына 1,5 мыңға дейін жетеді.