«Таза Қазақстан» акциясы – тек бір күндік тазалық жұмысы емес, қоғамның экологиялық санасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Ауданымызда өткен биылғы шара бұл бастаманың маңызын тағы да дәлелдеді. Тазалық сырттан келмейді, ол әр адамның өзінен басталатын күнделікті тәртіп. Біз ауыл-аймақтарды, өзен-көлдерді, жол бойларын тазартқанымызбен, ең бастысы – табиғатқа деген көзқарас пен мәдениетті қалыптастыруымыз қажет. Бұл бағытта аудан жастарының белсенділігі қуантады. Олар тек тазалық жасап қана қоймай, ақпарат таратып, тұрғындарды саналы көзқарасқа шақыра білді. Акция барысында табиғаттың қаншалықты нәзік әрі қамқорлықты қажет ететінін тағы бір мәрте ұғындық. Кейбір жерлерде жиналған қоқыс, ластанған аймақтар экология мәселесін жүйелі түрде шешудің маңызды екенін еске салды. Тұрақты қоқыс шығару, қалдықтарды сұрыптау, ауыл ішіндегі тәртіпті сақтау – бұл бір күндік емес, үздіксіз атқарылатын жұмыс. «Таза Қазақстан» бізді бір мақсатқа біріктірді: табиғатты сақтау – болашаққа жасалған инвестиция. Таза орта – балаларымыздың денсаулығы, ауылымыздың көркі, елдің мәдениеті. Сондықтан бұл акцияны жыл сайынғы міндет емес, күнделікті өмір салтына айналдыру – баршамыздың ортақ борышымыз. Табиғатты қорғау үшін үлкен бастама күтудің қажеті жоқ, әркім өз ауласынан, өз көшесінен, өз ниетінен бастаса – қоғам өзгереді. Ауданымыздың тұрғындары осы жолда үлкен ынтымақ танытты. Алдағы уақытта да тазалық пен тәртіпті сақтау ісі жалғасын тауып, туған өлкеміз әрдайым көркейіп, жасыл әрі таза аймақ болып қала береді деп сенемін.
Г.СӘДУАҚАСОВА,
Махамбет ауданы



