Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ТАУ ТҰЛҒАЛЫ ТАБЫЛДЫ

Қазақтың тұңғыш бард ақыны, көрнекті сазгері Табылды Досымовтың дүниеден өткеніне биыл тура 10 жыл.

Өлеңдері әлі күнге дейін бояуы мен болмысын жоғалтпай қазақтың кең даласын тербетіп жүрсе, ақынға арналған еске алу кештер еліміздің әр қаласында жыл сайын өтуде. Қазақтың бағына біткен ерекше ақын тек гитарамен ән айтып қана қоймай киелі домбыраны да нақышына келтіре тартып, ән шығарған.

Сиқыр үнді баян мен балалайкада оның сенімді серіктері болды. Студент шақта өнерінің жанкүйерлері өзі қатарлы студенттер болса, қазір барлық ел оның әндерін тамсана тыңдайды. Ұйықтап кетіп, оянбай қалған дарын иесіне арнап белгілі жазушылар мен журналистер "Із тастап аққан бір жұлдыз" атты ғұмырнамалық кітап шығарды. Бұл жинақ ақынның әндері мен өлеңдері, көзі тірісінде берген сұхбаттары, жұртшылыққа жете қоймаған жаңа өлеңдері, естеліктер мен арнау өлеңдері, суреттер топтамалары мен оның шығармашылығын жан-жақты насихаттауға арналған.

Ақын көзі тірісінде атақ-даңқ дегенге қызықпай, қара шаңыраққа қарайлап, ата-анасына болысып, ел ішінде өлеңдері мен әндерін шығарып, елеусіз өмір сүрді. Алматыға көшкісі келіп оқталған кезде де, барлық жағдай оны айналдырып туған ауылына оралта берді. Үлкен сахнада кештері мен концерттерін өткізе алмады. Алайда қазір бәрі басқаша.

Бүгінде Табылдының әндерін білмейтін қазақ аз. Тек Қазақстанның емес өзге елдегі қазақтар да оның әнін шырқап, алыстан болсын келіп, жыр кештеріне қатысады. Еске алу кештері үлкен шет ел саханаларында да өтіп тұрады. Барлық дерлік әндері сол сахна төрлерінде шырқалып шықты. Аспанға қол созған қыр баласы артына мол мұра қалдырған елінің тау тұлғалы азаматына айналды. Толағай боп туылмағанына өкінген ақын бүгінде өзі сол елдің ең биік шыңды тауы іспетті.

Айман ЕРҒАЛИЕВА,

Мұқыр ауылдық кітапханасының кітапханашысы

Сурет: ашық дереккөзден 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521