Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Тасжан атаның тағылымы

Жақында ардагер журналист Жолдас Жанқуаттың «Тасжан ата» атты шағын кітабы жарық көрді.

Бұл журналистің бесінші кітабы. «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасынан басылып шыққан кітаптың аты айтып тұрғандай Кеңес заманында жалған айыптың салдарынан саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз атылған Тасжан Есжанов туралы.

Биылғы жылы Тасжан Есжанұлының дүниеге келгеніне 150 жыл толуына орай шыққан кітапта оның қысқаша болса да өмір дерегі, халыққа жасаған қызметі туралы жазылған. Сондай-ақ, кітапта автордың Қазали Тасжанов туралы екі бөлімді драмадан тұратын «Өлмеген адам» пьесасы, Тасжан Есжановтың Алматы қаласында тұратын жиені, ҚР Еңбегі сіңген қызметкері, медицина ғылымының кандидаты Тұрар Шәкіліков, Бөдене ауылында тұратын немересі Тоғжан Төлеуова, Қаракөл ауылында тұратын шөбересі Біржан Мүбараковтардың Тасжан ақсақал жайлы естіген, білгендері туралы пікірлері де берілген.

1870 жылы Индер ауданы Бөдене ауылында дүниеге келген Тасжан ата есейген соң араб елінде мұсылманша білім алады. Елге келген соң жас ұрпақтың сауатын ашу мақсатында туған жері Бөдене ауылында өз қаржысына мешіт тұрғызып, ұстаздық етеді. 1938 жылы 68 жасында «халық жауы» деген жаламен ұсталып, атылады. Сол жылы колхозда егіске су жіберетін моторшы қызметін атқарып жүрген оның кенже ұлы Қазали Тасжанұлы да судың арықты бұзып кеткені үшін «халық жауының» ұрпағы ретінде сотталып, жазасын атышулы КарЛАГ-та 9 жыл өтейді. Жазасын өтеп, елге келген соң Қазалидың әйелі Динаш Кенжалықызы еңбеккүнін орындамады деген желеумен 6 жылға бас итжеккенге жер аударылады.

Ресей елінің Кемерово облысы Белово қаласында жазасын өтеген жұбайынан қалмаған Қазали ақсақал балаларымен бірге барады. 1989 жылы Тасжан Есжанов, 1993 жылы Қазали Тасжанұлы толықтай ақталады. Жалпы, кітап сонау зұлмат жылдары жазықсыз жаланың құрбаны болған боздақтардың өнегелі істерін, мұқалмас рухын кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында жазылған.

Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521