Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Тасшағылдағы құрылыс неге тоқтап тұр?

Тасшағыл ауылында халық саны - 2026. Көшелері тап-таза. Орталық көшелер асфальтталып, жаяу жүргіншілер жолы салынған.

Жаңа бір құрылыс нысанын байқап, сол жаққа бет алдық. Орталық көшеде үлкен қоршаумен қоршалған нысан мәдениет үйінің құрылысы екен. Жан-жағын айналып қарап шыққанмен қоршаудың кілтеулі тұрғанын байқадық. Нысанның қарауылы қасымызға келді.

– Осы ауыл тұрғынымын. Құрылыс басталғанда жұмысқа алған еді. Алайда, қазір құрылыс тоқтап тұр. Біздің міндет нысанның қауіпсіздігіне жауап беру. Айлығымызды алып тұрмыз. Бірақ, жұмыстың қашан қайта жалғасатынын білмеймін,- деді.

Одан әрі ауылдың шет жақ бетінде орналасқан көшелердің бірінде ескі үш үйлікке көзіміз түсті. Үйге қарай жақындап келгеніміз сол еді шуақта отырған жасы үлкен кісіге жолықтық. Ол ауыл тұрғыны жалғыз басты қарт Серікбай Биғалиев екен.

– Жасым алпыстан асты. Үйде жалғыз тұрамын. Осыдан бір жыл бұрын туысқан ініме несие алып бергенмін, қазір зейнетақымның жартысын ұстап қалады. Азық-түлік алатын қаражаттан да қысылып қаламын. Үйіме жөндеу жұмысы қажет. Округ жанынан көмек болса жақсы болар,- деген өтінішін білдірді қария.

– Тасшағыл ауылында салынып жатқан мәдениет үйінің құрылысына келісімшарт бойынша 827 681 106 теңге қаржы бөлінді. 2020 жылғы 26 маусымда жасақталған 46 келісімшартқа сәйкес бас мердігер мекеме «Корпорация Ақ Ордасы» ЖШС болып табылады. Нысан құрылысы ағымдағы жылдың тамыз айында бюджет шығынын үнемдеу мақсатында уақытша тоқтатылды. Бүгінгі күні құрылысты жандандыру жөнінде мердігер мекемеге хабарлама жолданды. Мәдениет үйінің 300 орынға арналған жалпы көлемі 14419,0 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарын бекітілген өндіріс кестесіне сәйкес, 2021 жылдың қараша айында пайдалануға беру жоспарлануда,- дейді Атырау облысы құрылыс басқарма басшысының міндетін атқарушы М. Жантуреев бізге берген жазбаша хатында.

 

Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT