Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Тұрғындар тілегі ескерілуі қажет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай әкімдер мен басшылар жергілікті халықтың үніне құлақ асып, ортақ диалог орнату міндетін қойған болатын.

Осы орайда, «Ауданнан шалғай жатқан ауыл, елді мекендерде, халықты толғандыратын қандай мәселе бар? Ауыл әкімдері тұрғындардың мәселесін біле ме? Жалпы, билік пен бұқараның байланысы қандай?» деген сауалдарға жауап іздеп, жолсапарымызды Тасшағыл ауылдық округіне арнадық.

Таусылмайтын ауызсу жыры

Аудан орталығынан жеңіл көлікпен жүйіткей шығып бір сағатта Тасшағыл ауылдық округіне қарасты Қоныстану елді мекеніне бардық. Ауылға кіре беріс бетте құдық басында отырған жасы үлкен қарияға жолықтық. Жөн сұрасқаннан кейін келген шаруамызды айтып қарияны әңгімеге тарттық. Нысанғали Қабдырахманов қартбірден ауызсу мәселесінің өзекті екенін жеткізді.

– Ауылда 11 үй бар. Көгілдір отын, жарық мәселесі шешілген. Тұрғындардың барлығы мал бағып, күн көріп отыр. Біз үшін қазіргі таңда ауызсу мәселесі өте өзекті. Бұл мәселе бұған дейін де көтеріліп, шешімін таппай келеді. Сондықтан, ауызсуды су таситын көлікпен алдыртып, құдықтарға құйғызып аламыз. Ол бір-екі айға ғана жетеді. Бір көлік су 3000 теңге. Ал, мал үшін жерден су аттырып, пайдаланып отырмыз,- деді қынжыла зейнеткер.

Әрі қарай ауыл ішін араладық. Шағын ауыл болған соң тұрғындар кездесе қоймады. Алыстан үй алдында ойнап жүрген екі кішкентай бүлдіршінді көріп, соларға қарай аяңдадық. Аула жағында жүрген үй иелері бізді көріп қасымызға келді. Ол ауыл тұрғыны Байғон Арашов екен.

Амандық саулық сұрасқан соң ол:

– Осы уақытқа дейін кеңшар малын бағып, балалардың қамы үшін еңбек еттім. Кейін осында көшіп келдік. Келгенімізге он жылға жуықтады. Ауылға көгілдір отын тартылған уақытта бізде орнатып алдық. Ол кезде пешке гарелька орнатуға рұқсат берілген болатын. Ал, қазір талапқа сай емес деп ажыратқалы отыр. Бірақ, оны айырғанда үйіміз жылусыз қалмақ. Бұрынғыдай пеш жағуға отынымыз жоқ, - деп мұңая сөйледі.

Ауылға медпункт керек

Одан кейін жолыққан ауыл тұрғыны, зейнеткер Занзия Демишова мен Мәрия Боранбаева:

– Ауылға дәрігер мен медбибі тұрақты екен. Бұған ауылдағы кітапхана мен клуб ғимараты ішінен бөлме берілсе жақсы болар еді. Жасымыз үлкен болған соң ауру-сырқауымызды қаратып тұрар едік,-деген ұсыныс білдірді.

Тұрғындардан ұялы байланыс, интернет желісінің жайын сұрадық. Ауыл тұрғындары ұялы байланысты пайдаланады. Бірақ, интернет желісі тартылмаған. Сондықтан, мектеп жасындағы оқушылар Тасшағыл ауылындағы ағайынның үйінде білім алуда.

Әрі қарай Қоғам елді мекеніне ат басын бұрдық.

Жайылымдық жерлер тапшы

Елді мекенде он тоғыз үй бар. Көгілдір отын, жарықпен қамтамасыз етілген. Тұрғындардың көпшілігі қорасындағы азын-аулақ малмен күн көреді. Түскі мезгіл болған соң адам көзге шалына қоймады. Ауыл ішін аралай жүріп ескірген, қаңырап қалған ескі үйлерді көріп көңіліміз құлазыды. Жолшыбай кітапхананың ашық тұрғанын байқап, бас сұқтық. Ескі ғимаратқа аз-кем жөндеу жұмыстары жасалып, іші-сыртын қалыпқа келтіріп жатыр екен. Кітапханашы Латифа Тіналиева қордағы кітаптарын жинастырып жүр.

Ол бізбен әңгімесінде:

– Көріп тұрғаныңыздай ғимарат ескі. Жыл сайын құлаған жерлерін майлап, ішін жаңартып әктейміз. Десе де, ғимаратқа дұрыс жөндеу жұмысы керек. Әйтпесе, жыл сайынғы аз-кем жасаған жұмысымыз көрінбейді. Қазір Тасшағыл ауылдық округі жанынан қоғамдық жұмысқа тартылған жұмысшылар жасап жүр. Олар осы елді мекеннің тұрғындары. Осыған дейін ауылдық клуб пен кітапхана бір жерге орналастырылған болатын. Жыл басында клуб қысқартылды. Соған байланысты бөлмелерді ауыстырып, кітаптарды жинастырудамыз. Бұрын жаңадан келген кітаптар сөрелерге сыймай бір бұрышта қалып қоятын. Тұрғындардың кітапқа сұранысы жақсы. Әдеби кітаптарды оқиды. Тіпті, мал кезегіне шыққанда кітаптарын арқалап кететін оқырмандары бар, - дейді ол.

Одан кейін кезіккен ауыл тұрғыны Талғат Қарағожин:

– Ауылда айтарлықтай мәселе жоқ. Әр үй көгілдір отынның пайдасын көріп отыр. Жарығымыз бар. Ұялы байланыс тәуір. Ауыз суды құдық қазып пайдаланып отырмыз. Көрген болсаңыздар, ауылда кеңес үкіметі кезінен қалған ескі су мұнарасы бар. Соны алдағы уақытта пайдаға жаратып берсе игі. Бұл менің ғана емес, осы ауыл тұрғындарының өтініші, - деп ағынан жарылды.

Бекарыс есімді мектеп оқушысы «Қазіргі таңда қашықтан оқудамыз. Ұялы байланыс Актив, Белайн ауылда 3G ұстайды. Үйде менен басқа мектеп жасындағы төрт бала бар. Бұрын Тасшағыл да оқитын болсақ, енді ата-анамыздың қасындамыз. Сабақ оқуға мүмкіндік бар» деп көңілді сөйледі.

Шалғайдағы ауыл тұрғындарының көштен қалмаған жаңаша тұрмысына қуандық. Әйткенмен, күн көрісі малға қараған қоғамдықтарды жайылымның азаюы алаңдатады. Өйткені, мал жайылысының болмауы, қысқы жем шөп дайындауға зардабын тигізуде. Оның үстіне өр суының тасымауы да қиындық келтіруде.

Гүлмира МАҚСОТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521