Жылыой ауданында сайлау комиссиясының мүшелері мүмкіндігі шектеулі және денсаулық жағдайына байланысты референдум учаскесіне келе алмайтын азаматтардың үйіне барып, дауыс беруге жағдай жасады, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Болашақ ықшам ауданының тұрғыны Бауыржан Жасақбаев су тасқыны кезінде үйінен айырылып, қазіргі таңда жаңадан бой көтерген баспанада тұрып жатыр. Денсаулық жағдайына байланысты учаскеге келе алмағандықтан, сайлау комиссиясының мүшелері оның үйіне барып, референдумда дауыс беруге жағдай жасады.
- Жуықта Болашақ ықшам ауданынан берілген үйге көшіп келдік. Бүгін міне жаңа баспанамда отырып, дауыс беру бұйырыпты. Ел азаматы ретінде таңдауымды жасап, азаматтық позициясымды білдірдім, - деді Құлсары қаласының тұрғыны Бауыржан Жасақбаев.
Жалпы Жылыой ауданында 24 дауыс беру учаскесі бар. Референдум комиссияларының құрамында 215 адам бар. Сайлаушы саны – 48 473.