Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Тайсойған блогына сейсмикалық барлау қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасына сай жүргізіледі

Өткен жылдың 26 желтоқсанында Тайсойған және Миялы ауылдық округтерінде «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының геология және кен орындарын игеру жөніндегі орынбасары Қайрат Әділбеков, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының жалпы мәселелері жөніндегі орынбасары Сәлімжан Нақпаев және Қызылқоға ауданының әкімі Арман Баженов бастаған аталмыш компания өкілдері мен мамандар ауыл тұрғындарымен кездесіп, «Тайсойған блогында 3Д Могт далалық сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу» тақырыбында жиналыс өткізді.

Жиналыс барысында ауыл тұрғындары тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Осы орайда, ауыл тұрғындарының көкейде жүрген сауалдарын негізге ала отырып, аталған компания басшыларымен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Бүгінде «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қаншалықты үлес қосып келеді?

– «Ембімұнайгаз» акционерлік компаниясы – отандық мұнай өндіру компаниясы. Туған жердің табиғатына ұқыптылықпен қарау – компания ұстанған басты бағыттардың бірі. Жер қойнауын пайдаланушы ретінде компания Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық саласымен бірге елдің дамуына сүбелі үлес қосып келеді.

Айталық, 2012 жылдың 1 қазаны мен 2018 жылдың 11 айы аралығындағы уақыт ішінде республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемі түрінде – 878,4 миллиард теңгеден астам, аймақтың инфрақұрылымын дамытуға – 4,3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлді.

– Тайсойған блогында 3Д Могт далалық сейсмикалық барлау жұмыстары қалай жүргізіледі? Бұл қай уақыттан бері қолға алынған іс?

– «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы – Қызылқоға ауданындағы «Тайсойған» учаскесінде көмірсутегін барлау мен өндіруге құқығы бар жер қойнауын пайдаланушы компания. Геологиялық алаң аумағы 9,5 мыңнан астам шақырымды құрайды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, бұл аймақ ұзақ жылдар бойы әскери полигон болды. Осыған орай, аталмыш алаңда геологиялық зерттеу жұмыстарын жан-жақты жүргізуге толық мүмкіндік болмады. Мұнда 1999 жылы Уаз бен Қондыбай, 2015 жылы Шығыс Уаз кен алаңдары ашылды. Ал, 2016 жылдың 22 ақпанындағы сынақ алаңын жалға беру және пайдалану ратификациялау шартынан кейін «Тайсойған» әскери полигонының келісімшарттық аумағы мен солтүстік бөлігі азайтылып, полигон құрамынан шығарылды.

2016 жылы бұл алаңда 2Д сейсмобарлау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде солтүстік және орталық алаңдарда бұрғыланған ұңғымалардың мәліметімен бірқатар болашағы бар алаңдар анықталды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі болашағы бар құрылымдарды жан-жақты зерттеу мен 3Д Могт үш кезеңді сейсмобарлау жұмыстарын жүргізудің керектігін көрсетті. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ инвестициялық комитеттің және тиісті органдардың келісімін алғаннан соң компанияда тендерлік жұмыстар басталды. «Самұрық-Қазына» ӘАҚ»АҚ жұмыстар мен қызметтерді, тауарларды сату және сатып алудың электронды жүйесінде жүргізілген ашық тендерлік жұмыстардың барысында «БИДЖИПИ Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз деп танылып, 3Д Могт сейсмобарлау жұмыстарын жүргізу бойынша келісімшарт жасалды. Өтімділігі төмен.

– Халық арасында «Барлау жұмыстары малдың өрісін тарылтып, шөптің тамырын қияды. Алып техникалары жолды бүлдіріп, жерасты суға үлкен зиян келтіреді» деген күмәнді ой бар. Бұл қаншалықты шындық?

– Сейсмобарлау жұмыстары жергілікті бақылау және мемлекеттік органдардың бақылауы негізінде техникалық жоба мен қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасына сай жүргізіледі. Заманауи технологияның арқасында қоршаған ортаға зиянды әсері төмен деңгейде болады. Сейсмобарлау жұмыстарының негізгі бөлігі жоғарғы қабатта жарылыссыз вибрациялық көздер арқылы жүргізіледі. Оның қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсері ең төменгі мөлшерде. Вибратордан 5-10 метр қашықтықта оның әсері әлсіреп, адам баласына және айналаға қаупі болмайды. Вибратордың қозғалысында GPS-жабдықтармен және сейсмостанция жұмысы бақылауда ұсталынады. Сейсмобарлау құрылғылары (кабельдер/геофондар) жоғарғы қабатқа зиян келтірмеу мақсатында сейсмикалық пішінге қолмен орналастырылады.

Бұрғылау жарылыс көзі (жарылыс ұңғымаларын бұрғылау) елді мекендерден алыста орналасқан сор жерлерде пайдаланылады. Учаскелердегі микро-сейсмокоротаж ұңғымасын бұрғылау жұмыстары топырақ жамылғысына зиян келтірмей және жарылыс көздерін пайдаланбай жүргізіледі. Барлық бұрғыланған ұңғымалар мен бұрғылау алаңдары тегістелген, алынған топырақпен жабылған. Мердігер мекеме – «БИДЖИПИ Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрлықта сейсмобарлау жұмыстарын жүргізуде әлемдегі көшбасшы кәсіпорындардың бірі.

– «Ауылға қытайлар қаптап кетеді» деген күдік бар. «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының мердігер компанияларында жұмыс жасайтын қытайлық азаматтар саны қанша? Олар жергілікті жерден қанша адамды жұмысқа орналастыра алады?

– «БИДЖИПИ Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен алынған мәлімет бойынша жобаны жүзеге асыруда бес жүзге тарта адам (жұмыс қызғанда) жұмыспен қамтылады. Оның жиырмасы (бір вахта) – Қытай елінің азаматы, қалғаны – еліміздің азаматтары. 2018 жылдың 28 желтоқсанда бекітілген Тайсойған ауылдық округінің әкімі, Қызылқоға аудандық жұмыспен қамту орталығы мен «БИДЖИПИ Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы үшжақты меморандумына сай, аудандық жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында қытай компаниясы мемлекеттік органның жолдамасымен 15 жергілікті тұрғынды жұмысқа орналастыру келі-сіміне қол жеткізілді.

– Жері бүлінген шаруа қожалық иелеріне өтемақы төлене ме?

– Барлық өзара есеп айырысулар Жер Кодексінің және Кодекстің «Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдаланушы туралы» нормаларына сай жүргізіледі.

– Әңгімеңізге рақмет.

Дайындаған, Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521