Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ТҰРҒЫНДАРДЫ НЕ ТОЛҒАНДЫРАДЫ?

Қазіргі уақытта Миялы, Жангелдин ауылының тұрғындары үшін ауыз су мәселесі өзекті болып отыр.

Өйткені, тұрғындардың пайдаланып отырған «Қара су» жер асты суы ашып кетті деуге болады. Сондықтан, жуық арада ауыз суды тұшытуды қолға алу қажет. Сондай-ақ, аудан халқын баспана мәселесі де қинап жүр. Бұл мәселені шешу үшін ауылдардан көпқабатты тұрғын үйлер салынса нұр үстіне нұр болар еді.

Қалидолла ІЗЕКЕН,

ақын, сазгер, ардагер журналист

- Өткен жылдың аяғында «Қара су» жер асты суынан келіп тұрған ауыз суды өңдейтін, яғни тұщытатын мембраналық технология қондырылды. Осы айдың ішінде арнайы мамандар келіп жаңа қондырғыны іске қосады. Бүгінгі күні тұрғын үй кезегіне 260 азамат тіркелген. Бұл бағыттағы мәселені шешу үшін аудан орталығынан 3 қабатты 60 пәтерлік тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттары наурыз айында дайын болады. Аталмыш нысанның құрылысына және Сағыз, Мұқыр ауылдарынан 2 пәтерлік 30 тұрғын үй қырылысына жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауға облыстан қаржы сұратылады.

Нұрсұлтан БИСЕМБИЕВ,

аудан әкімі

img_2875

Жерлесіміз, алаш қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым Халел Досмұхамедовке аудан орталығынан ескерткіш орнатылып, Ойыл ауылдық округіне аталмыш ғалымның есімі берілсе игі деген тілек бар. Сондай-ақ, бруцеллез ауруының түпкілікті жойылмауы ауданда мал басын көбейтуге кедергі келтіруде. Ал, кеселді жоюға ауданның мүмкіндігі жоқ. Сондықтан ветеринария саласына қатысты республикалық, облыстық мекемелерден арнайы мамандарды шақыртып, облыстық көлемде штаб құрылып, жұмыс жасалуы қажет деп есептеймін.

Мұрат САРМАНОВ,

«Нұрлы дала» агрофирмасының директоры

Қоғам қайраткері Халел Досмұхамедовтің ауылға есімін беру жергілікті тұрғындардың келісімімен облыстық ономастикалық комиссиясына жолдау арқылы шешіледі. Алайда, бүгінгі күні елімізде көше, ауыл аттарын өзгертуге мораторий жарияланғандығын қаперге беремін. Ал, ескерткіш орнату үшін қомақты қаражат қажет. Сондықтан бұл мәселе бойынша тиісті орындармен кеңесіп, демеушілікпен шешу жолдарын қарастыруға жұмыстанатын боламыз.

Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ,

Атырау облысының әкімі

Ауданда мүйізді ірі қара, қой-ешкі, түйе малдары арасындағы бруцеллез ауруын жою мақсатында Алматы қаласындағы екі ғылыми институтпен келісім жасалды. Алдағы уақытта аталмыш институттардың және облыстық ветеринария саласы мамандары ауданда жұмыс жасайтын болады. Ал, ауру малды жою үшін төленетін қаржыны толықтай бюджет есебінен төлеу жөнінде министрлікке ұсыныс берілді.

Әлібек НӘУТИЕВ,

облыс әкімінің орынбасары 

Миялы ауылында жаяу жүргіншілер жолы талапқа сай емес. Бұл орайда, биылғы жылы ауылдағы басты көшелерге жаяу жүргіншілер жолын салуға қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары қолға алынса игі.

Орынғали САЛЫҚОВ,

зейнеткер

Биылғы жылы Миялы ауылының ішіне 12 800 метр автокөлік жолдарына күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда. Жоба аясында ауылдағы негізгі көшелерге жаяу жүргіншілер жолын салу қарастырылған. Алдағы уақытта қалған көшелерге жаяу жүргіншілер жолына жоба жасақтау жұмыстары жүреді.

Нұрсұлтан БИСЕМБИЕВ,

аудан әкімі

img_2918

Аудан халқының тұрмыстық әлеуетін көтеру бағытында көршілес Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына, Ақтөбе облысының Ойыл ауданына қатқыл табанды жол тартылса деген ұсынысым бар. Және де ауылда спорттың бірнеше түрімен айналысып, бұқаралық спортты дамыту үшін кем дегенде 1000 кісілік стадион салуды қолға алған жөн.

Байтас МУСИН,

зейнеткер

Әрине, көрші облыстарға қатынас үшін жол салынуы қажет. Алайда, әлі де облыс көлеміндегі бірқатар алыс елдімекендерге салынбай жатқан жолдар бар. Алдымен сол жолдарды реттеп алайық. Содан соң міндетті түрде қолға аламыз.

Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ,

Атырау облысының әкімі

Спорттың бұқаралығын арттыру мақсатында қазіргі уақытта Миялы ауылындағы орталық стадионды қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.

Нұрсұлтан БИСЕМБИЕВ,

аудан әкімі

Біраз жылдан бері Сағыз ауылында ауыз су мәселесі өзекті болып отыр. Су айдау бекеті ауылдың ең төменгі жерінде орналасқандықтан су айдау кезінде тұрғындардың барлығына бірдей жетпейді. Әсіресе, жаз мезгілінде бұл мәселе күрделене түсетіндіктен, ауыз су мәселесін бір жолға қоюға ықпал етсеңіз. Сонымен қатар темір жол вокзалының ғимараты әбден тозығы жеткен. Жолаушылар талабына сай емес. Сондықтан, Сағыз стансасына темір жол вокзалы қажет.

Серік САҒЫНОВ,

Сағыз ауылдық қоғамдық кеңесінің мүшесі

Мамандардың айтуынша, «Кереген» жер асты суының қоры мол. Биылғы жылы үш ұңғыма орнату жоспарлануда. Мамандармен кеңесіп су айдау бекетін биік жерге орналастыру үшін биыл жоба жасақтап, шешімін табуға жұмыстанамыз. Ал, темір жол вокзалы біздің коммуналдық меншікте емес. Сондықтан, бұл мәселені темір жол басшылығына жеткізу арқылы шешуді қолға аламыз.

Нұрсұлтан БИСЕМБИЕВ,

аудан әкімі

 

Болашақ ұрпақ үшін аудан мектептерінің жанынан қосымша спорт залдары қажет. Сондай-ақ, Мұқыр ауылынан спорт кешені салынса деген ұсынысым бар.

Құмар ХАСАНОВ,

аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы

Аудан мектептеріндегі спорт залдардың тарлық ететіні белгілі. Алайда, мұның барлығын бір мезгілде шешу мүмкін болмағандықтан кезең-кезеңімен шешілетінін қаперге береміз. Бұған дейін Мұқыр ауылынан спорт кешенін салуға жергілікті кәсіпкер аудан әкімдігімен меморандумға отырған. Бірақ бұл жұмыстар әлі күнге дейін қолға алынбағандықтан құрылыс жұмыстарын жүргізуге жоба жасақтаймыз.

Нұрсұлтан БИСЕМБИЕВ,

аудан әкімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521