Ұлы Отан соғысына қатысып, жеңісті жақындатуға үлес қосқандардың бірі - Аққали Ахметов. Ол 1914 жылы қазіргі Атырау қаласында дүниеге келген. 1931 жылы аталмыш қаладағы қазақ орта мектебін тәмамдағаннан кейін тоғыз жыл Есбол аудандық кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметін атқарады.
1940 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылып, 1942 жылы №173-атқыштар дивизиясы құрамында Сталинград қаласын қорғауға қатысып, ұрыс даласындағы ерлігі үшін қатардағы солдаттан рота командиріне дейін көтеріліп, лейтенант әскери шені беріледі. Сталинград үшін болған шайқаста кейіпкеріміз үш жерден ауыр дене жарақатын алады. Соған сай, ол 1943 жылы елге оралып, 1943-1946 жылдары Есбол аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарады. Кейіпкеріміздің одан әрі қызмет сатысы Есбол аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы (1946-1948 жылдары), Атырау қаласындағы облыстық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы (1949-1952 жылдары), Маңғыстау облысы мен Гурьев облысының бірігіп, Гурьев облысы аталуына байланысты Маңғыстау ауданында ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы (1952-1954 жжылдары), Маңғыстау ауданы, «Еңбек» колхозының төрағасы (1954-1961 жылдары) лауазымдарымен өріледі.
Осы жылдары Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, ауыл шаруашылығы саласына қосқан үлесі үшін одақтың Жоғары кеңес президиумының Мақтау грамотасымен марапатталып, кеудесіне «Еңбек Қызыл Ту» орденін жарқырата тағады. Кейіннен Маңғыстау ауданы «Казселхозтехника» бөлімінің директоры (1961-1962 жылдары) болып қызмет атқарса, 1962-1964 жылдары аудандағы Ленин атындағы совхозда ферма меңгерушісі болып еңбек етті. Ал, 1964-1970 ж ылдары Сағыз селолық советінің төрағасы, 1970-1974 жылдары Қызылқоға аудандық дайындау мекемесінің директоры қызметтерін атқарған кейіпкеріміз Ұлы Отан соғысына қатысып, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» және тағы да басқа . жеңіс медальдарымен марапатталып, Есбол аудандық совет атқару комитетінің және Маңғыстау ауданының депутаты болды. Осылайша, жеңісті жақындатуға үлес қосқан Аққали Ахметов қан майдандағы ерлігі және соғыстан кейінгі елдің экономикасын көтерудегі ерен еңбегімен жас ұрпаққа өрісті өнеге қалдырғаны сөзсіз.
Өз тілшіміз