Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Майдангер аға Тегісбай

Тегісбай Қаржаубаев – 1919 жылы Маңғыстау облысында туған. Балалық шағын, еңбек жолын қазіргі Сағыз ауылдық округіне қарасты Ақшелек, Буракөл жерінде өткізген. Ол 1941 жылы Ұлы Отан Соғысына аттанып, бір айдай оқу-жаттығудан өтіп К.Рокосовский армиясының 216 атқыштар дивизиясында «Максим» пулеметінде пулеметші болған.

Ең бірінші Старая Русь қаласын немістерден азат етуде жарақат алады. Қысқа мерзімде госпитальдан емделіп шыққаннан кейін 1943жылы Кривой Рог қаласын қорғауға қатысты. Сол жылы Кременчук қаласы штруммен алынып, Днепр өзенінен өту міндеттеледі. Сондағы көрсеткен ерлігі үшін «Ерлігі үшін» медалімен наградталады. Содан кейін И.В.Сталиннің атынан жазылған алғыс хатқа ие болады. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан Соғысы» ордендерімен марапатталады.

Ұлы Отан соғысын 1945 жылы Прага қаласында аяқтайды. Бұдан кейін Жапон соғысына қатысып, 1945 жылдың күзінде аман-есен елге оралады. Тегісбай аға өте қарапайым, кішіпейіл, ақжарқын, ақкөңіл адам болды. Мен Текеңмен еңбек жолымды алғашқы шопандықтан бастағаннан (1958 жылы) бірге аралас, әрі көрші болдым. Ол уақытта Текең Ленин атындағы колхоздың түйешісі болып еңбек етті. Соғыстан кейінгі жылдар колхоздың жағдайы әнебір керемет мәз емес. Ол күнде қыстақта жертөле, жерқора оны да қолмен қазатын мезгіл еді. Сол уақытта қазылған қора, үйлерге жабынды көптеген қамыс тағы сол сияқты материалдармен жабдықталатын. Сол кезеңдерде Текең мал бағып жүрсе де арасында қамыс шауып даярлауда қол ұшын тигізіп жүрді. Текең қандай жұмыс болса да, қай мезгіл болса да көмектесуге әзір отыратын. Онда тіл алмаушылық, себеп, сылтау айту болмайтын. Ол мезгілде малды құдықтан қолдап немесе ат, түйемен қауғалап, шығырлап суаратын. Су таситын көлік, қой қамайтын темір тор мүлде болмайтын. Осындай қиындық бола тұрса да адамдар бір-біріне көмек көрсетуге әзір тұратын. Адамгершілік, азаматтық қасиетті жоғары қойған Тегісбай ағам кім-кімге де болса, қол ұшын беруге дайын еді. Маған ағалық және көршілес қамқорлығын аяған жоқ. Мал суаратын күндері үнемі көмектесіп, ақыл-кеңесін беріп отыратын.

Текеңнің адамдарға деген қамқорлығы, ақпейілділігі тек қана өз айналасына емес, кім кімге де бірдей қайырымдылығы мол болды. Сол кезеңдерде үкімет өндіріс, мұнай саласындағы жұмысшы-қызметкерлерді шұбат, қымызбен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Осыған байланысты Текең бір жылдары Мақат ауданына көшіп барып, мұнайшыларды шұбатпен қамтамасыз етті. Текең сол жүргенде ырымшыл, тәуіптік қасиеті де болды. Табиғатты аялады. Жүрген жерін, еңбек еткен жерін аса қадірлей білді. Мақатта дүниеге келген баласының атын Мақатбай қойды. Ленин атындағы ұжымшарда Рай деген жерде көп жыл аға шопан болды. Сол жерде дүниеге келген ұл-қыздарының есімін Райбай, Райхан, Райгүл деп қойып, қасиетті киелі жермен ұштастырды. Өмірінің соңғы кездерінде отыз жылдай аға шопан болып абыройлы еңбек етті. Өмірлік серігі Ибажан екеуі ұжымшардың экономикалық-әлеуметтік жағдайын дамытуға зор үлес қосты. Текең мен Ибажан он үш ұл-қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі ата-ана. Ұл-қыздарының барлығы да өздеріндей отбасын құрып, әр салада абыройлы еңбек етуде. Олардан 43 немере, 6 шөбере бар. Текеңмен шопан болған жылдары жұмыстас болдым. Адам баласы болғасын отбасында түрлі жағдай болады. Сонда ештеңе сұрап, менің осындай жағдайым бар деп шаруасын айтып келгенін көргенім жоқ. Қашан көрсең де шаруам жақсы деуден жалықпайтын. Шынында да шаруасы жаман болған жоқ. Мал өнімдерінен алынған көрсеткіштері жоғарғы орындардан көрініп жүрді. Еселі еңбегіне сай, жоғары басшылықтың бірнеше рет Құрмет грамотасы, алғыс хаттарымен марапатталды.

Біз кейде Текеңе:

«Қанша балаң болса да маңдайынан бір қақпайсың, бала болғасын қанша дегенмен балалық жасайды ғой» дегенде:

– Ой, айналайындар-ай! Кей уақытта соғыста көрген жағдайым есіме түскенде бәрін ұмытып кетем. Жоғарыдан қарша бораған оқ, бомбамен, жерден немістің снайперлері көрінгенін қағып түсіреді. Әсіресе Днепр өзенінен өту өте қиын болды. Өзеннің беті түгел қан аралас су, күзгі суықта жүзіп өттік. Әйтеуір қалай болғанда да өз дегенімізге жеттік. Сонда: «Ей, құдай елге аман жетіп, бала-шағалы болсам, балдарымның маңдайынан еш қақпас едім» деп армандап және уәде етіп едім. Соның бәрі болды, мен бақыттымын, - дейтін.

Текең негізі кіндіктен жалғыз. Көңілі түскен адамдарға аздап емшілік қасиеттері де бар. Мен көрген жерде сол қазақы ем жасаған жастар қазір аман-есен, ел қатарлы қызмет жасап жүр. Текең кейде ашылып, өзінің Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен қиыншылық жағдайын айтып отырғанда, қалай аман келгеніне таң қаласың. Айтып отырса тұла бойында бір сау жері жоқ, яғни өкпе, бел, қол, аяқтарына оқ тиіп жараланған. Халқымызда «Ақтың отын ақымақ өшірмейді» деген мақал бар ғой. Бұл да ақ адамға құдайдың берген сиы болар. Меніңше, Тегісбай аға елдегі бақытты адамның бірі деп білемін. Адамда арман көп ғой. Дегенмен, Текеңнің көп арманы орындалды деп ойлаймын. Ұл-қыздарының қызығына бөленді. Артына алпыстан астам ұрпақ қалдырған өнегелі отбасы. Мұндай отбасы елде сиректеу кездеседі. Соғыста қан кешіп, еңбекте абырой иесі болған отбасына құрмет есебінде, еске алу мақсатында өзінің көп жыл абыройлы еңбек еткен жеріне бір көшенің атын ағамызға берсе нұр үстіне нұр болар еді. Текең 2010 жылы 92 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Жатқан жері жайлы, жаны жаннатта болып, кейінгі өскелең ұрпақтарына шапағаты тиіп, желеп жебеп жатсын деп тілейміз.

Жасан ЕСҚАЙЫРОВ,

«Халықтар достығы» орденінің иегері,

ауданның Құрметті азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT