Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Сұранысқа ие мамандық

Қазіргі таңда электр-газбен дәнекерлеуші мамандарға деген сұраныс құрылыс саласында болсын, өндірістің өзге салаларында болсын айтарлықтай артып отыр. Бұл мамандық бүгінде ауадай қажет. Себебі еліміз тәуелсіздік алғаннан бері мұнай-газ кен орындарын игеру мен құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. 

Әрбір ауқымды жұмыс дәл осындай жұмысшы мамандықтар арқылы алға жылжып, күннен күнге жандана түсуде. Алайда, дәнекерлеуші болып жұмыс істейтін жастардың қатары уақыт өткен сайын азайып барады. Көпшілігі жалақының аздығын сылтауратып, кейбірі мансаптық өсу мүмкіндігі жоқ деп бұл мамандықтан алшақтайды. Бірақ бұл – тек еңбексүйгіштік пен жауапкершілікті талап ететін аса маңызды кәсіп. Осы орайда, біз аудандық «QAZAQGAZ AIMAQ» AҚ Атырау өндірістік филиалы Исатай газ шаруашылығы мекемесінің дәнекерлеушісі Бақтыбай Халемовті әңгімеге тартып, оның еңбек жолы мен бұл мамандыққа қатысты пікірін білдік.

– Мамандық – қарапайым күнкөріс көзі ғана емес, үлкен жауапкершілікті талап ететін, адамның тағдырына тікелей әсер ететін маңызды еңбек қызметі. Біреулер үшін бұл – бала күнгі арманының орындалуы немесе отбасы дәстүрін жалғастыру, енді біреулер үшін – жаңа жол іздеу мен дербестікке талпыныс, ал кейбіреулер үшін жай ғана «бір кәсіп иесі болу» қажеттілігі. Меніңше, мамандық таңдау – тағдырыңды таңдау. Өмір бойы өкінбейтіндей, адамның өз қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіпті таңдауы өте маңызды. Ол үшін ең алдымен адам өзінің бейімділігі мен қызығушылықтарын тануы қажет. Мен 2007 жылы дәнекерлеу мамандығын меңгеріп, сол кезден бастап осы салада еңбек етіп келемін. Қазіргі таңда аудандық «QAZAQGAZ AIMAQ» AҚ Атырау өндірістік филиалы Исатай газ шаруашылығы мекемесінде 18 жыл бойы адал қызмет атқарып жүрмін. Бала кезімнен ұсақ-түйек шаруалардың басы-қасында жүріп, осындай істерге қызығушылығым оянды. Әсіресе, бұл бағытты меңгеруде маған үлкен тәлімгер болған – Нұран Бейжанов ағайымыз. Ол бізге дәнекерлеудің қыр-сырын үйретіп, кәсіби тұрғыда жол көрсетті. Бүгінде осы мамандығымның арқасында адал еңбегіммен нәпақамды тауып, қатарымнан қалмай, ел игілігі үшін қызмет етіп келемін. Жұмыстан тыс уақытта қолымнан келетін істі пайдаланып, қосымша табыс көзін табамын. Бұл мен үшін тек мамандық қана емес, шынайы нәсібіме айналған кәсіп. Әр жұмыстың өз қиыншылығы бар. Мысалы, жаздың аптап ыстығында немесе қақаған қыстың аязында еңбек ету оңай емес. Қолыңды үсітіп, жанкештілік танытатын кездер де болады. Бірақ біз үшін бастысы – ел игілігі үшін адал қызмет ету. Қазіргі таңда дәнекерлеуші мамандарға сұраныс артып келе жатқаны анық байқалады. Алайда, өкінішке қарай, осы уақыт ішінде бірде-бір жастың маған келіп, үйренуге ықылас танытқанын көрген жоқпын. Көбінесе жастар көмек сұрауға ғана келеді. Дәнекерлеу жұмысының маңыздылығы өте жоғары. Бұл – көліктердің, металл құрылымдардың, көпірлердің, құбырлар мен цистерналардың бөлшектерін ажырамайтындай етіп жалғау, оларды қайта қалпына келтіру, жаңарту. Жұмыс барысында шойын, болат секілді металл бөлшектерді қолмен, доғалы немесе плазмалы тәсілдермен біріктіреміз. Сонымен қатар заманауи құрал-жабдықтарды, автоматтандырылған жүйелерді де қолданамыз. Біз дайындайтын бөлшектердің сапасын бақылау, технологиялық режимдерді таңдау және қажетті жабдықтарды дұрыс пайдалану – барлығы үлкен ұқыптылық пен тәжірибені талап етеді. Мамандық таңдауда ең бастысы – өз ісіне деген махаббат пен қызығушылық. Мамандыққа деген махаббат пен мансапқа деген ұмтылыс – екі түрлі ұғым. Шынайы сүйіспеншілікпен істелген жұмыс қана нәтижелі болады. Өз жұмысыңды жан-тәніңмен сүйіп істегенде ғана табысқа жетіп, нағыз кәсіби маман атануға болады. Өкінішке қарай, әлемде өз кәсібін қаламай істейтін адамдардың саны аз емес. Бірақ сүйікті ісіңмен айналысқанда, жұмыс тек күнкөріс көзі емес, жан ләззатын сыйлайтын тіршілікке айналады, - дейді Бақтыбай Халемов.

Бүгінгі қоғамда жастардың мамандық таңдауына қатысты түрлі пікірлер айтылып жатады. Кейбір аға буын өкілдері жас ұрпақты «барлығы тек лауазымды орынға ұмтылады» деп сынға алады. Расында, өз еңбегімен бірден жайлы жұмысқа орналасу оңай емес. Қолына енді ғана диплом алған жас маманға еңбек нарығында өз орнын табу үшін талмай іздену қажет. Дегенмен мамандық таңдау – әр адамның жеке еркі мен жауапкершілігінде.

Қоғамда жұмысшы мамандықтарына деген көзқарас әрдайым біркелкі емес. Жастардың бұл салаға аз қызығушылық танытатыны жасырын емес. Бірақ айналамыздағы жағдайды саралай келе, шаруашылыққа бейім жас өскен сайын өзінің кәсіби жолын осы бағытта да табатынын байқаймыз. Мамандықтың «жақсы» не «жаман» түрі болмайтынын, әр кәсіптің қоғамға пайдасы бар екенін түсіну маңызды. Ең бастысы – адам таңдаған мамандығы арқылы өз мүмкіндігін толықтай іске асыра білсе болғаны.

Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Ол жұмысшы мамандықтарының маңыздылығына ерекше мән беріп, кез келген қарапайым адамның еңбегі арқылы қоғам үшін қадірлі екенін атап өтті.

–       Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі,-деді Президент.

Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру – еңбек адамының қадір-қасиетін арттырып, оның кәсіби біліктілігін шыңдау мен жан-жақты бағалауды білдіреді. Бұл – қоғамдағы еңбектің шынайы бағасын айқындайтын басты қадам. Біздің ауданда да әр мекемеде маңдай терімен адал еңбегін сіңіріп, ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп жүрген азаматтар қаншама?! Олар өз кәсібі арқылы қоғамға өлшеусіз пайдасын тигізіп келеді.

Алайда, шынайы еңбегі ескерусіз қалып, көзге түсе бермейтін жұмысшы жандардың бары да рас. Олардың тынымсыз еңбегі мен табандылығы қоғамның ілгері дамуына негіз болып отырғанын мойындау қажет. Нағыз өрлеу мен даму қарапайым жұмысшының қажырлы еңбегінен бастау алады. Бүгінгі мақаламызға біз осындай еңбек адамдарын арқау етіп, олардың өмірі мен еңбегі жайлы ой бөліспекпіз.

Түйін: Әр кәсіптің қадірін түсініп, адал еңбек етудің маңызын біз осындай мамандардың мысалынан анық байқай аламыз. Адал еңбек – тек жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның берік тірегі. Әркім өз ісінің шебері болғанда ғана, еліміз нық қадаммен алға басып, жарқын болашаққа сенімділікпен қарай алады.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT