Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Шойын жолдың шынайы шебері

Теміржолдан бастап өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы сияқты сан түрлі салада талмай еңбек етіп жүрген жандар мемлекеттің берік тірегі екені биыл тағы бір мәрте айқындалды. Осындай елеусіз көрінгенімен, елдің жүрегіндей соғып тұрған күрделі жүйелердің бірі – шойын жол. Ал сол жолдың әр шақырымында өз қолтаңбасын қалдырған еңбек майталмандары бар. Солардың бірі – теміржол саласына бүкіл ғұмырын арнап келе жатқан Қуанышев Дәулет Қинешұлы.

1963 жылдың қараша айының 3-і күні Нарын ауы-лында дүниеге келген ол жергілікті мектепті аяқтаған соң әке жолын жалғап, еңбек жолын ойланбастан теміржолдан бастайды. Алғашқы қызметі қарапайым жол жөндеуші болғанымен, бұл кезең оның мінезін қалыптастырып, болашақ маман ретінде шыңдаған уақыт еді. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығына қарамай теміржол бойында өткізген әр күні оған тәжірибе ғана емес, үлкен өмірлік мектеп болды.

1981 жылы әскерге шақырылып, Отан алдындағы борышын өтегеннен кейін де Дәулет Қинешұлы басқа салаға бұрылмай, өзіне жақын мамандыққа қайта оралады. 1984 жылдан бастап жол бапкері қызметіне дейін көтеріліп, шойын жолдың әр шақырымын өз өмірінің бір бөлшегіндей көріп, адал қызметтің үлгісін көрсетіп келеді. Бүгінде оның үздіксіз еңбек өтілі 41 жылдан асады.

Ұзақ жылғы тәжірибесі қалыптастырған өз ұстанымына тоқтала отырып, Дәулет Қинешұлы теміржолдың өз өміріндегі ерекше орнын атап өтеді:

— Теміржолда істейтін адам әркез сергек болуы керек. Әрбір ұсақ-түйекке мән бермесең, бір болттың босауының өзі жүздеген адамның өміріне әсер етуі мүмкін. Бұл салада салғырттыққа жол жоқ. Теміржол – тәртіп пен тиянақтылықтың үлкен мектебі. Мен бұл жолды жан-тәніммен сүйдім, өзімді басқа салада елестете алмаймын. Қиын күндер көп болды, бірақ сол қиындықтар мені шыңдады. Ең бастысы – халқыңа қызмет етіп жүргеніңді сезіну, — дейді ол.

Қиындығы көп жұмысына қарамастан, Дәулет ағамыз – отбасының тірегі, 2 ұл мен 2 қыздың әкесі, 5 немеренің ақылды атасы. Балалары әкесінің ауыр еңбегін көріп өскендіктен Дәулет Қинешұлының еңбегіне, табандылығына деген құрметі ерекше. Сол еңбегінің арқасында «Қазақстан теміржолы ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамның «кәсібі бойынша үздік» төсбелгісімен марапатталды. Өмірінің көп бөлігін теміржолға арнаған ол уақыттың зулап өткенін кейде өзі де байқамай қалатынын айтады. Алдағы жылы, 2026 жылдың қарашасында, көп жылдық еңбегінің зейнетін көруге дайындалып отыр. Дегенмен зейнетке шықса да, сүйікті ісінен бірден қол үзгісі келмейтінін жасырмайды.

Дәулет Қинешұлы – шынайы еңбек адамының жарқын үлгісі. Оның өмір жолы жұмысшы мамандықтарының қадірі мен маңызын айқын дәлелдейді. Күнделікті тіршілік әдеттегідей жалғасып жатқанымен, шойын жолдың әр рельсі, әр бекеті дәл осындай жандардың маңдай терімен, адал еңбегімен жұмыс істеп тұр. Сондықтан да Дәулет ағамыздың еңбегі – бүгінгі жастар үшін өнеге, еңбек адамының мәртебесін көтеретін тағылымды тарих.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT