Бүгін, 27 сәуірде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Атырау облысы бойынша департаментінде «Көктем – 2025» шақырылымы сарбаздарының салтанатты түрде әскери ант қабылдау рәсімі өтті.
Әскери ант қабылдау — сарбаз өміріндегі ең маңызды әрі жауапты сәттердің бірі. Бұл — туған Отан алдында адал қызмет етуге серт беру ғана емес, әр жауынгердің жүрегіндегі патриоттық сезімді нығайтатын, олардың азаматтық парызы мен жауапкершілігін айқындайтын ерекше кезең.
Іс-шараға ҰҚК Шекара қызметінің Атырау облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Әділ Әбесов, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің өкілдері, шекара қызметінің ардагерлері және сарбаздардың ата-аналары арнайы қатысты. Олар жас сарбаздарға жылы лебіздерін білдіріп, Отанға адал қызмет етудің қасиетті міндет екенін ерекше атап өтті.
Көктемгі шақырылымда республиканың барлық аймағынан келген 65 жас сарбаз еліміздің шекарасын қорғаушы жауынгерлердің қатарына қосылды. Ант қабылдау рәсімінде сарбаздар өз дауыстарын айқын шығарып, Отанға деген адалдықтарын білдірді. Бұл сәтте олардың әрқайсысының жүзінен мақтаныш пен толқу сезімі анық байқалды.
Ант қабылдаушы сарбаздарды құттықтаған шекара қызметінің ардагері Берік Сәлімбаев:
— Әскери ант — жай сөздер жиынтығы емес, бұл — өмірлік ұстаным. Оны қабылдау — әрбір сарбаз үшін үлкен абырой, әрі зор жауапкершілік, — деді.
Ата-аналар атынан сөйлеген Шұға Жаранова балаларының ел қорғаны болғанын көру — әрбір ата-ана үшін зор мақтаныш екенін жеткізді:
— Бүгін ұлымның Отан алдындағы борышын өтеуге қадам басқанын көріп, толқыған жүрекпен қуанып тұрмын. Барша сарбаздарға амандық пен абырой тілеймін, — деді ол.
Ал қатардағы жауынгер Аян Қайрат өз атынан сөйлеп, ант қабылдаудың мәнін жүректен өткізіп тұрғанын жасырмады:
— Біз Отанымыздың шебінде адал қызмет етіп, ата-бабаларымыз аманат еткен ұлы мұраны қорғауға серт береміз. Бұл біздің ұрпақ алдындағы парызымыз, — деді жас сарбаз.
Рәсім барысында департамент құрамындағы «Арнаулы ұтқыр іс-қимылдар» тобы жауынгерлік ұрыс элементтерінен арнайы көрсетілім жасап, қатысушыларға шекарашы сарбаздардың күнделікті даярлығының көрінісін ұсынды. Сонымен қатар, патриоттық рухтағы әндер шырқалып, отансүйгіштік мазмұндағы көркем музыкалық нөмірлер сахналанды.
Әскери сапта тұрғанда, кеуделеріне мақтаныш пен жауапкершілік сезімін ұялаған жас сарбаздардың жүздерінен Отанға деген махаббат пен сертке деген беріктік байқалды. Бұл күн олардың есінде мәңгілік сақталары сөзсіз.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ