АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында цифрлық трансформация сөзбұйдаға арқа сүйеген тренд емес, стратегиялық қажеттілік екенін тағы да атап өтті.
Қазақстан үшін заманауи технологияларды енгізу инновацияларды өндіріс процестерінің ажырамас бөлігіне айналдыру үшін қажет. Бұған дейін өндірістегі инновация дегенде алып өнеркәсіп ошақтарын жаңашылдыққа итермелеу басым бағыт ретінде таңдап алынып келді. Ал енді жаңашылдықтардың драйвері шағын және орта бизнес болуы керек деген ұстаным алға шығып отыр. Басқаша айтсақ, кәсіпкерлердің иығына цифрлық шешімдерді нақты секторға енгізудің катализаторы болу міндеті жүктелген.
Компаниялар бұл сынаққа дайын ба?
Kazinform тілшісі осы сұраққа жауап іздеп көрді. Отандық озық шешімдер баршылық болса да, фермерлер мен өндірушілер оларды қолдануға асықпай отыр.
Жасанды интеллект министрлігі осы олқылықтың орнын толтыруда қандай рөл атқарады?
– Жасанды интеллект мәселесінде кеткен пойызды қуып жеткеннен гөрі тәуекелдер мен мүмкіндіктерді асыра бағалаған дұрыс. Бұл салаға инвестиция тарту – болашаққа инвестиция салу, – дейді Мәжіліс депутаты Айдос Сарым.
Жасанды интеллектің өндірістік және логистикалық процестерді басқарудағы шешуші рөлін елемеу заман ағымынан қалудың басты көрсеткіші болмақ.
Тау-кен саласы цифрланып жатыр, агроөнеркәсіп ше?
Тау-кен өнеркәсібінде цифрлық жүйелер қалыпты жағдайға айналып келеді. Компьютерлер жер астындағы техниканың бүкіл қимылын, бір сәтке болса да аялдағанын қалт жібермей қадағалауға мүмкіндік ашып отыр. Бұрынғыдай шахтадағы жұмыстың қарқынын қолмен реттеудің қажеті жоқ. Ал ауыл шаруашылығындағылар цифрландыру игіліктерін әлі игерген жоқ. Отандық IT компаниялар электронды таразы, астықты автоматты есепке алу жүйесі, бөтен көліктің астық тиеп, төгуіне тосқауыл «ақылды» қамба сияқты заманауи шешімдерді ұсынып отыр. Бірақ шаруашылық иелері автоматты жүйелерді енгізудің дәл өздері үшін тиімді болатынына сенбейтіндей. Мәжіліс депутаты Альберт Рау аграрлық кәсіпорындар цифрландырусыз бәсекеге қабілетті болмайтынын ескертіп отыр. Бірақ оған кейбірінің ақшасы жетпейді, бірінде жаңа технологияны игеріп әкететін маман жоқ, тіпті кейбірінде интернет те тартылмаған. Осындай объективті және субъективті себептер ауыл шаруашылығын цифрланған дәуірге маңайлатпай отыр. Заң қалай өзгереді? Инвесторлар жаңа технологияларға инвестиция салмай тұрып нарықтағы ойын ережелеріне дәл қарайды. Сондықтан Парламентте «Жасанды интеллект туралы» заң әзірленіп, екінші оқылымға жіберілді. Бұл құжат әртүрлі салаларда жасанды интеллект пайдалануды заңдастырып қана қоймай, бизнеске цифрлық шешімдерді енгізуге кедергі келтіретін заңдағы қайшылықтарды жоюы керек.
- Цифрлық салада реттеуші шешімдердің маңызы зор. Өйткені инвесторлар реттеудің әділдігіне баса мән береді. «Жасанды интеллект туралы» Заң жобасын қазан айына дейін Мемлекет басшысына қол қоюға жіберуіміз керек, – дейді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.
Әрине, жасанды интеллект елдегі бүкіл құйтырқылықтар мен ретсіздіктердің дауасы деу артық болар еді. Тіпті ақылды алгоритмдер болғанның өзінде, негізгі шешімдерді адам қабылдайды. Жасанды интеллект тек үлкен деректерді талдап, ондағы сәйкессіздіктерді анықтайды, процестерді жеделдетеді. Ал жауапкершілік адамға жүктеледі. Жасанды интеллект министрлігі – жаңа бағыттың жаршысы Қазақстан Жасанды интеллект министрлігін құру бастамасын аймақта алғашқылардың бірі болып қолға алды. Бұл - тренд жетегіне еру емес, стратегиялық шешім. Басқаша айтсақ, Қазақстан бұл салада әрдайым қуып жетуші рөлінде қала бергісі келмейді, жаһандық технологиялық жарыста өз орнын ойып тұрып алғысы келеді.
Шағын бизнестің рөлі қандай?
Мемлекет қанша күш салғанымен, мәселенің кілті бизнестің қолында қалып отыр. Алайда шағын бизнес субъектілерінің нақты өндірістегі үлесі 6%-дан да аз. Кәсіпкерлердің көбі сауда мен қызмет көрсетуге маманданған. Ал бұл салалар ашықтық пен технологияларға әрдайым бейілді бола бермейді. Президент шағын және орта бизнесті кіріктірмей экономиканы цифрландыру күткен нәтижені бермейтінін айтты да.