Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында «Жергілікті әскери басқару органдары күніне» арналған салтанатты жиын өтті.
Шараны Атырау облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті ұйымдастырды. Іс-шараға облыстағы күштік құрылымдар басшылары, Қарулы Күштердің ардагерлері, шет мемлекеттердегі әскери қимылдарға қатысқан жауынгерлер, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ жастар мен мектеп оқушылары қатысты. Мемлекеттік Туды сахнаға алып шығу және Әнұран орындаумен басталған шарада жергілікті әскери басқару органдарының ардагерлері мен қызметкерлері марапатталды. ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен бірқатар әскери қызметшіге жаңа офицерлік шендер берілді. Олардың қатарында «лейтенант» және «капитан» әскери атағына ие болған қызметкерлер бар. Ал, Атырау облысының Полиция департаментінің басшысы генерал-майор Нурхат Уразбаевқа “Бауыржан Момышұлы” медалі табысталды.
Сондай-ақ, патриоттық тәрбие беруге қосқан үлесі үшін әскери қызметкерлердің ата-аналарына «Отан қорғаушының әкесі» және «Отан қорғаушының анасы» медальдары табысталды. Ал, офицерлердің өмірлік серігі – жұбайлары «Офицердің жұбайы» естелік медалімен марапатталды. Іс-шараның соңы мерекелік концертке ұласты. Көрермендерге республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары ән шырқап, ұлттық би ансамбльдері өнер көрсетті. Сондай-ақ, әскери қызметкерлер патриоттық әндер орындап, көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Бұл іс-шара – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің негізін нығайтуда үлкен рөл атқаратын жергілікті әскери басқару органдарының қызметіне берілген жоғары баға ғана емес, әскери-патриоттық тәрбиенің маңызды алаңына айналды.
Хұсни ХАМЗА