Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Шөп алдың ба, ауылдас?

«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, биыл көктем шығысымен аудан тұрғындары «Мал азығын қайдан аламыз? Бір орама шөптің бағасы қанша болады?» деген сауалға жауап іздеп кетті. Өйткені, биылғы қыс ерте түсіп, жай шықты. Біраз жылдан бері жайлы қысқа үйренген көптеген тұрғындар мен шаруагерлер осы жетіп қалар деген үмітпен мал азығын да жеткілікті дайындамағаны осы күндері білінді. Оның үстіне ақпанның аяғы мен наурыздың басында әлсін әлі боран болып, кейбір шаруашылықтар бар шөпті малдарына жеткізе алмаса, тұрғындардың дайындаған мал азығы бітіп кетті. Қыс ішінде тұрғындар шөп іздеп сабылды. Кейбір пысықайлар сауапты емес, пайданы ойлап ауласында қалған шөпті екі-үш есеге қымбатқа сатты.

Жаз шығып, шөп шабу науқаны басталысымен мал ұстайтын тұрғындар ауылға келген шөп тиеген техникалардың артынан қуып әлек. Сондықтан «Ауданда шөп дайындау науқаны қалай жүруде? Бағасы қандай?» деген сауалға жауап іздеп, тиісті басшыларға жолыққан едік. Бұл орайда, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Әділет Шаймарданов:

– Қолында техникасы бар шаруагерлер мен кәсіпкерлер шөп шабуды бастап кеткеніне біраз уақыт болды. Аудан тұрғындарына шөп дайындап, қолжетімді бағаға сату үшін шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерге 71 мың гектар жер берілді. Жер иелері округ әкімдері мен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімімен меморандумға отырды. Олардың алды шөптерін әкеле бастады. Меморандум шарты бойынша олар шапқан шөптің бір бөлігін жергілікті халыққа келісімді бағамен, яғни 5500 теңгеден, ал қалғанын еркін бағамен сатады. Бір ескеретін жайт, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің өндірген өнімдеріне мемлекет баға белгілей алмайды. Көршілес Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Қаратөбе аудандарынан, Ақтөбе облысының Ойыл ауданынан шабындық мақсатында уақытша жер сұрап, шөп шабуды ұйымдастырамыз. Қайткенде де бар мүмкіндікті пайдалануымыз қажет, - дейді.

Ал, Миялы ауылдық округінің әкімі Сәндібек Салықовтың айтуынша, округте жер жоқ болғандықтан ауданның жер қорынан бес шаруа қожалығымен меморандумға отырды. Меморандумға отырған «Шадияр» шаруа қожалығы дүйсенбі күннен бастап келісімді бағамен шөп әкеле бастады. Басқа да әкелушілер бар. Шөп іздеген тұрғындар округке келіп тіркелуде. Мүмкіндігінше аз қамтылған отбасыларына басымдық беріледі. Көршілес Жекенді ауылының әкімімен шөп шабу үшін жер сұралып, келісілді. Енді берілетін жердің көлемі нақты анықталған соң шөп шабамын дегендерге беріледі. Қазіргі таңда округтерге келіп жатқан шөптің бағасы әртүрлі. Мәселен, 200 келілік бір орама шөп 4-5 мың теңгеден әкелініп жатса, округ әкімшілігімен меморандумға отырғандар 300 келі тартатын бір орама шөптің бағасын тұрғындарға келісімді бағаға сатуда. Ал, келісімге отырмағандар және көршілес облыстардан шөп әкелгендер бір орама шөпті 6-8 мың теңгеге ұсынуда.

– Окрутегі шаруа қожалықтары өткен қыста резервтегі барлық шөбін шөп іздеген тұрғындарға берді. Сондықтан олар әуелі өздеріне қажетті мал азығын дайындауда. Алайда, округ тұрғындарының 50 пайызын мал азығымен қамтитын «Сарқұмақ» шаруа қожалығы тұрғындарға 200 келілік бір орама шөпті 4500 теңгеге әкеліп жатыр. 300 келілік орама шөпті 6 мың теңгеден әкеліп жатқандар да бар. Жер алып, меморандумға отырған шөп шабушылар енді әкеледі. Округі жерінде шөп тапшылау болғандықтан көршілес аудандардан шабындыққа жер сұрамақпыз, - дейді Сағыз ауылдық округінің әкімі Нұралы Әбишан.

Сағыз ауылдық округіне қарасты «Атырау» шаруа қожалығының жетекшісі Ғарифолла Жұмиевтің түсіндіруінше, өткен қыс қолдағы мал азығын сарқып кетті. Сондықтан, алдымен қыстақ басы шөптен толуы керек. Содан соң барып тұрғындарға келісімді бағамен тасылады.

– Бір жақсысы өткен жылға қарағанда биыл шөптің түсімі жақсы. Қажетті мал азығын уақытында жинаймыз деген ойдамын, - дейді Ғарифолла Жұмиев.

Көздіғаралық «Ақерке» шаруа қожалығының басшысы Жанат Қанатбаевтың айтуынша, қыстақ басына 500 орама шөп қажет. Оның 350-і дайын. Енді 150 орама шөп дайындаған соң, саттыққа шөп дайындап, күзге қарай округ тұрғындарына 6000 теңгеден сатпақ. Әйтпесе, қазіргі уақытта Бүйрек құмынан шығу қиын. Жамбыл, Тасшағыл ауылдық округтерінде бір орама шөптің құны 7-8 мың теңге. Аталмыш округ әкімдерінің түсіндіруінше, өр суы келмегендіктен округте шөп шабатын жер жоқ. Сондықтан, мал азығы келісіммен көршілес Батыс Қазақстан жерінен дайындалуда. Қазіргі кезде келіп жатқан шөптер де сол жақтан. Оларға бағаны түсір деп айту қиын. Ең бастысы қымбаттау болса да шөп келуде. Иә, шындығында жылдағыға қарағанда қымбаттау болса да ауданға шөп келіп жатыр. Бүгінгі таңда аудан тұрғындарын шөппен қамту мәселесі аудан әкімдігінің басты назарында. Ендігі мақсат – шөп бағасы қашан түседі екен деп уақыт өткізбей, бар мүмкіндікті пайдаланып, келген шөпті аулаға түсіріп алу.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521