SGS компаниясы мен «AYALA» қайырымдылық қоры бірлескен бастама арқылы Атырау қаласындағы №43 орта мектепте химия кабинетін жаңғырту жобасын іске асырды. Жаңа жоба мектеп оқушыларына заманауи ғылыми жабдықтармен жан-жақты білім алудың мүмкіндігін ұсынып, жас ұрпақты инженерлік және ғылыми салаларға бағыттауды көздеп отыр.
–Қазіргі заманғы құрал-жабдықтар мен технологиялармен жабдықталған химия кабинеті оқушылардың пән бойынша теориялық және практикалық білімдерін тереңдетуге мүмкіндік береді. Зертханалық тәжірибелер мен эксперименттер өткізу арқылы оқушылар ғылымға деген қызығушылығын арттырады әрі болашақта инженерлік мамандықтарды таңдауға бетбұрыс жасайды, — дейді №43 орта мектептің директоры Бибігүл Ғапуова.
SGS Kazakhstan бас директоры Азер Маммадов бұл жоба компанияның әлеуметтік жауапкершілігін көрсететінін және дарынды балаларды қолдап, олардың дамуына жағдай жасауды стратегиялық мақсат ретінде қарастыратынын жеткізді.
«AYALA» қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті Айдан Сүлейменова SGS компаниясымен серіктестіктің маңыздылығын атап өтіп, бұл ынтымақтастық бизнестің және қайырымдылықтың бірлесе үйлесім тапқан көрінісі екенін мәлімдеді.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ