Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«АШЫҚ ЕСІК» КҮНІ жұмысшы мамандарға мүмкіндіктер ұсынды

«2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «ашық есік» күні ұйымдастырылды. Аудандық Мансап орталығы бастамашы болған бұл іс-шара «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында өтті.

«Ашық есік» күні жұмыссыз азаматтарға, пробация есебінде тұрған жандарға және еңбекке қабілетті тұрғындарға түрлі саладағы бос жұмыс орындары мен мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңінен ақпарат берді. Іс-шара жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын арттыруға және тұрғындарды еңбек нарығына бейімдеуге бағытталған. «Ашық есік» күніне аудан көлеміндегі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар белсене атсалысты. Олардың қатарында Исатай аудандық қаржы және экономика бөлімі, аудандық прокуратура, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының Исатай аудандық бөлімі, «AMANAT» партиясының аудандық филиалы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық бөлімшесі, аудандық отбасын қолдау орталығы және Мансап орталығының филиалы бар.

– Бұл ұйымдар өз салалары бойынша маңызды ақпарат ұсынып, азаматтарға кәсіби бағдар беру бағытында пайдалы кеңестер берді. Жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің арасында тікелей байланыс орнап, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс мәселелері талқыланды. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау алуға болатын мүмкіндіктер мен олардың іске асу жолдары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Сонымен қатар жұмысқа орналасу және кәсіпкерлікті дамыту бойынша ұсыныстар айтылды,-дейді Атырау облысы бойынша «Еңбек мобильді орталығы» КММ-нің Исатай аудандық Мансап орталығы филиалының директоры Бақытгүл Сапаргожиева.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қолға алынған бұл бастама аудан тұрғындарына жаңа серпін берді. «Ашық есік» күндері сияқты іс-шаралар арқылы жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы айқындалып, азаматтардың еңбекке деген қызығушылығы артады деп күтілуде. Мұндай іс-шаралар жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, аудан экономикасының дамуына оң әсер етпек.Еңбекке бағытталған жыл өз жемісін беріп, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға үлес қосары анық.

Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT