Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«САПА ЖЫЛЫНДА» САПА ЖОҒАРЫ

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығына арналған медиа-жоспарына сәйкес, аудандық сотта былтырғы жылы жасалған жұмыс қорытындыларын жария ету мақсатында жергілікті баспасөз өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізілді.

Жыл бойы жасалған жұмыстарын баяндаған аудандық соттың төрағасы Айтжан Досмағамбетованың мәлімдеуінше, республика соттары үшін былтырғы жыл «Сапа жылы» болып белгіленді. Осы тұрғыдан алғанда, аудандық соттың шоқтығы биік. Өйткені, аталған мерзімде аудандық соттың үкімдері мен шешімдерінің, қаулыларының бұзылуына, өзгеруіне жол берілмеді.

- Неке бұзу санатындағы істердің сотқа түсу көрсеткішін 2018 жылмен салыстырғанда, былтырғы жылы екі есеге көбейді. Бұл өзекті мәселе. Сондықтан осы бағытта, аудан әкімдігіне «Отбасылық кеңес» құру жөнінде хат жазылып, аталған мәселенің алдын-алу шаралары ауылдық округ, аудан көлемінде жүзеге асырылуы тиістігі ұсынылды. Бұған қоса, азаматтық істерден алимент өндіру жөніндегі істер де көбейді. Оның нақты себебі белгісіз. Дей тұрғанмен неке бұзу жөніндегі істердің көбеюімен де байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ, алкогольдік масаң күйде қоғамдық орындарда жүру, көші-қон заңнамасын бұзу сияқты әкімшілік істер де 2018 жылмен салыстырғанда артып отыр. Ал, жол көлік оқиғасы, алкогольдік масаң күйде көлік жүргізу санаттарындағы істер артпаса да көрсеткіштің азаймай отырғаны тағы бар. Сонда дейміз-ау, масаң күйде автокөлік айдау заңсыз әрі денсаулығына бірден-бір септігін тигізетіндігін біле тұра, көлік жүргізетіндерге таң қаламын. Сол сияқты, былтырғы жылы жол көлік оқиғасына байланысты, яғни Қылмыстық кодексінің 345-бабына қатысты істер де едәуір көбейді. Мәселен, бұл санатта 2018 жылы 2 қылмыстық іс болса, былтыр 9 қылмыстық іс болып, үш есеге өсті. Оның бесеуі адам өліміне байланысты болып, қайғылы жағдайға әкеліп соқты. Сонымен қатар, сотта қылмыстық, әкімшілік істер 100 пайыз мемлекеттік тілде қаралса, азаматтық істердің 20 пайызы орыс тілінде қаралып, олардың ішінде алтауы қазақ тіліне өзгертілді,- дейді аудандық сот төрағасы Айтжан Досмағамбетова.

Бұдан басқа, сот төрағасы, «Сот төрелігінің 7 түйіні» аясында сот жүйесін жаңғырту бойынша өткізіліп жатқан іс-шараларға тоқталып, «Билер Кеңесімен» атқарылған жұмыстар, облыстық сотта өткен жиында, тиімділігінің жоғары екендігін, бұл тұрғыда аудан билер кеңесі мүшелерінің нәтижелі жұмыс жасап жасатқандығына ерекше тоқталғандығын атап өтті. Брифинг барысында, биылғы жылдың желтоқсан айында қабылданған қылмыстық, әкімшілік заңнамадағы өзгерістерге де кеңінен түсінік беріліп, биылғы жыл, сот жүйесі үшін «Коммуникация жылы» болып белгіленгені мәлім болды.

Б.ІЗБАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521